Кәсіпкердің мәйіті гаражға жасырылған
Павлодарлық кәсіпкерді өлтірді деген күдікке ілінген қазақстандық Ресей Федерациясынан Қазақстанға экстрадицияланды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Іс материалдарына сәйкес, 21 ақпанда жәбірленуші жұмысқа шыққаннан кейін байланысқа шықпай, кейін хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде тіркелген. Тергеу барысында сол күні оның Павлодар қаласында күдіктімен оның үйінің ауласында кездескені анықталған.
Ақшаға байланысты туындаған жанжал кезінде ер адам кәсіпкердің кеудесі мен бетіне 22 рет пышақ сұғып, жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.
Қылмыстың ізін жасыру үшін ол марқұмның денесі мен көлігін өз гаражына тығып қойған. Кейін жасырынып, шетелге қашып кеткен.
Наурыз айында күдікті Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге әкелінді. Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр. Аталған қылмыс бойынша оған 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.







