Алматыда медорталықтан массаж алған әйел күйіп қалды

401
Алматыда медициналық орталыққа массаж алуға барған Мағзума Қазбекова жанайқайын жеткізді. Айтуынша, косметологиялық клиника қызметкерінің салғырттығынан оң жамбасы оңбай күйіп қалған деп хабарлайды КТК арнасы.  

Мағзума Қазбекованың сөзіне сенсек, ол медициналық орталық қызметкерлері қоңырау шалып қоймағасын сол жаққа барған. Ондағылар кейбір қызмет түрлері тегін деп қызықтырыпты. Соңында ақшасы жоқтығын айтқан тұрғынды 300 мың теңгеге жуық несие рәсімдеуге көндірген.

Оның сөзінше, алғашында емдік шаралар ойдағыдай өткен. Алайда, келесі күні арқасына банка қойып, отты массаж жасағанда өртеніп кете жаздаған.

"Екі-үш секундтың ішінде болды. Ысып кетті ме деп едім, ана бала астымдағы төсек жайманы басып жіберді. Ойбай деп мен жұлмалай бастадым. Артымдағы банкаларды итеріп-итеріп тастады. Білмеймін ғой, арқасы жанып кете жаздады деп ойлады ма", - деп есіне алды сол күнді Мағзума Қазбекова.

Қас-қағым сәтте отқа оранған Мағзуманың айтуынша, косметологиялық бағытта қызмет ететін орталықта оған алғашқы көмек көрсетілмеген. Жалма-жан таныс заңгерін шақырған ол үйіме өз күшіммен әрең жеттім дейді.

Кейін белгілі болғандай, массаж жасайтын маман спирт төгіп алып, соның кесірінен от тұтанған. Содан бері жүріп-тұруы қиындаған зардап шегуші ешкімнің кешірім сұрап келмегеніне өкпелі.

"Көмегіміз керек пе, кешіріңіз" деген де жоқ. Басында ана бала бүкіл шығыныңызды мойныма аламын деп айтты. Енді бәрі біткеннен кейін маған, шамам келмейді дейді", - деп күйінді Мағзума.

Медициналық орталықтың басшылығы қызметкерлердің қателігін кеш естідік деп ақталғаннан басқа мардымды жауап қатпаған көрінеді. Ал сол күнгі жағдайға куә болған заңгер клиниканың кемшіліктері, тіпті екі ортадағы келісімшарттың өзінен көрініп тұрғанын айтуда.

"Келісімшартта пациенттің құқығы жазылмаған, медициналық орталық өзінің ғана пайдасын ойлап жазған", - дейді заңгер Алмас Күнгейбаев.

Ал орталық өкілдері ісіне салғырт қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілгенін алға тартып отыр.

"Клиентімізді күйік шалған. Оны мойындаймыз. Кешірім сұраймыз. Моральдық-материалдық шығынын өтеуге толығымен дайынбыз. Біздің клиент ресми түрде бізге хабарласқан жоқ. Ол хабарласса бәріне дайынбыз", - дейді медициналық орталықтың ресми өкілі.

 Десе де медициналық орталықтан көңілі қалған Мағзума Қазбекова полиция арызданыпты. Моральдық және материалдық шығынды өтеп беруді талап еткен әйел барлығын сот арқылы шешпек.