21 жастағы қызды өлтірді деген күдікті ұсталды
Қоғамды дүр сілкіндірген қанды оқиға Шымкент қаласында орын алды. 21 жастағы қыздың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша негізгі күдікті қолға түсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қыздың өліміне қатысты күдікті ұсталды. Полицияның мәліметінше, іздеуде жүрген 29 жастағы ер адам табылып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ол қызды пышақтап өлтірді деген күдікке ілінген. Еске салайық, 11 қаңтар күні кешке Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан жас қыздың мәйіті табылған болатын. Марқұмның денесінен пышақ жарақаттары анықталған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Көз жұмған қыздың мәйітін туыстары туған ауылына алып кетті. Бейнежазбада қыздың қашып құтылуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені көрінеді. Ал ер адам оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттаған. Кейін оқиға орнынан бой тасалаған.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде лезде тарады. Ресми емес ақпаратқа сәйкес, марқұмға 11 пышақ жарақаты салынған. Түнде желіде қаза тапқан қыздың және оны өлтірді деген күдікті жігіттің суреттері жарияланды.
Otyrar.kz хабарлағандай, қаза болған 21 жастағы студент Нұрай Серікбай. Ол ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын маңдағы көпқабатты үйде тұрған. Отбасында екі ағасы бар, өзі кенже қыз болған.
Сол жерде болған көршілер мен куәгерлер есеңгіреп қалғанын алға тартты.
Күдіктінің не себепті марқұмға пышақпен шабуыл жасағаны әзірге белгісіз. Туыстарының айтуынша, 21 жастағы Нұрай Серікбайдың жерлеу рәсімі 13 қаңтар күні Түркістан облысы Төрткөл ауылында өтеді.
Ал желі қолданушысы жігітті танитынын жазған.







