КТК маңында Қазақстаннан мұнай тиеуді күтіп тұрған танкерлерге шабуыл жасалды

1 522

фото:КТК13 қаңтар күні Қара теңізде Каспий құбыр консорциумының терминалына бет алған грек компаниялары басқаратын төрт мұнай танкеріне ұшқышсыз аппараттар шабуыл жасаған. Қазіргі таңда шабуылдың артында кім тұрғаны белгісіз, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz  -ке сілтеме жасап.

Thenamaris компаниясының өкілі Matilda танкері КҚК-дан шамамен 30 теңіз милі қашықтықта, балласт күйінде тұрған кезде екі дронның соққысына ұшырағанын растады. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Кеменің палубалық құрылымдарына аздаған зақым келген. Теңіз қауіпсіздігі саласындағы екі дереккөздің айтуынша, кемеде өрт шыққан. Алайда ол тез арада сөндірілген.

Дереккөздердің мәліметінше, танкерлердің бірі – грек компаниясы Delta Tankers басқаруындағы Delta Harmony. Кеме операторлығын Tengizchevroil жүзеге асыратын Теңіз кен орнынан мұнай тиеуді жоспарлаған.

Екінші танкер – Thenamaris компаниясына тиесілі Matilda. Ол Қарашығанақ кен орнынан мұнай қабылдауы тиіс болған.

Осы жағдайға байланысты Қазақстанның Энергетика министрлігі қазіргі уақытта КҚК терминалында мұнай тиеу ВПУ-1 сыртқы айлақ құрылғысы арқылы жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

"Технологиялық процесс қолданыстағы ауа райы жағдайларын ескере отырып, штаттық режимде жүргізілуде. Ведомствоның басты басымдығы – экспорттық жеткізілімдердің тұрақтылығын сақтау және сақтау қуаттарының шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу", – деді министрліктің ресми өкілі Әсел Серікпаева.

Оның айтуынша, министрлік жағдайды тұрақты түрде бақылап отыр және халықаралық серіктестермен, сондай-ақ консорциум операторымен тікелей байланыста.

Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызын қамтамасыз етеді. Терминал маңындағы кез келген оқиға жеткізілімдердің үздіксіздігіне, логистикаға және келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына қауіп төндіреді. Бұл өз кезегінде бюджет кірістеріне және теңге бағамына әсер етуі мүмкін. Ұзақ мерзімді перспективада мұндай жағдайлар бағаға, инвестицияларға және экономикалық тұрақтылыққа ықпал етіп, халықтың мүддесіне тікелей әсер етеді.

КҚК стратегиялық маңызы бар нысан болып қала береді. Алайда ол осал энергетикалық инфрақұрылым объектісі саналады. Бұған дейін әр жылдары оның жұмысы апаттар, ауа райы жағдайлары және сыртқы қысым салдарынан шектелген болатын.

Украиналық ұшқышсыз аппараттардың терминал маңында шабуыл жасауы теңіз және энергетикалық инфрақұрылымға төнетін қауіптердің артып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстанның экспорттық бағыттарының қауіпсіздігіне деген назарды күшейте түседі.

Еске салсақ, 29 қарашада Каспий құбыр консорциумының Теңіз терминалына тағы бір шабуыл жасалып, салдарынан сыртқы айлақтық құрылғы ауыр зақымданған еді. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады.