Қазақстанда түнгі 12-де отшашу атып, туған күн тойлайтындар жазаланады
Енді түн ортасында отшашу атып, музыка қосып, жақынын туған күнімен құттықтап, сүйіктісіне сөз салатындар жауапқа тартылады. Ішкі Істер министрлігі тұрғындардан шағым көбейгендіктен тексеріске шығатынын алға тартқан,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үйлердің ауласында дәл осындай жағдайлар өзгелерді ұйықтатпай, мазаны алады. Айқайға басып тойлағаны аздай, бос бөтелкелер мен пиротехника қалдықтарын да аяқ астында қалдыратындар бар. Сондықтан қала тұрғындары қоғамдық тәртіп бұзғандарды жазаға тартуды құптап жатыр.
Полицияның айтуынша, заң бойынша жұмыс күндері кешкі сағат 22.00-ден кейін, ал демалыс күндері 23.00-ден кейін тұрғындардың тыныштығын бұзуға болмайды.
Ескертуге көнбегендерге 22 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер құқық бұзушылық қайталанса, әкімшілік жазаның көлемі екі есе ұлғаяды. Қазір еліміздің барлық өңірінде тәртіп сақшылары көшеде ойын-сауық кешін ұйымдастыратындармен күресті күшейткен.
Құқық қорғау органдары түнгі он екіде туған күнмен құттықтау трендін тоқтатып, кез келген мерекені мәдениетті түрде атап өтуді сұрады.







