Арнайы жасақ қызметкерін атып кетті
Астанада қарулы шабуылға байланысты қылмыс тіркелді. Қала полициясының мәліметінше, жас азамат құқық қорғау саласының қызметкеріне оқ атқан, күдікті көп ұзамай қолға түсті, - деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Алдын ала дерек бойынша, қала тұрғыны аңшылық қарумен жол үстімен өтіп бара жатқан автокөліктің жүргізушісіне оқ жаудырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Ауыр жарақат алған азаматтың өзі полицияға хабарласқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, ұстаған. Ол 21 жастағы елорда тұрғыны екені белгілі болған. Қару тәркіленіп, қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полицияның нақтылауынша, зардап шеккен азамат құқық қорғау органдарында қызмет атқарады және оқиға болған сәтте еңбек демалысында жүрген. Тергеу барысына байланысты өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді.







