Қазақстанда ит қапқан 6 адам құтырма ауруынан көз жұмды
Қазақстанда 2019-2022 жылдар аралығында 6 адам құтырма ауруынан көз жұмған, олардың үшеуі – бала, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында өткен дөңгелек үстелде Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова мәлімдеді.
Ол биыл Қазақстанда адамдар арасында құтырма ауруы тіркелмегенін атап өтті.
Оның айтуынша, жыл сайын республика бойынша жануарлардан зардап шеккен 50 мыңнан астам адам дәрігерлердің көмегіне жүгінеді, оның 99 пайызы профилактикалық вакцина егеді. Қалған бір пайызы вакцинациядан бас тартады.
Ахметова адамдар арасында құтырма ауруы тіркелмеуіне қарамастан жануарлардың тістеуіне, тырнауына байланысты медициналық көмекке жүгінген кезде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізетінін айтты.
Жалпы, Ахметованың айтуынша, құтырма ауруының 99 пайызы адамдарға иттер арқылы жұғады. Бұл ауруға көбіне 5 жастан 14 жасқа дейінгі балалар шалдығады.