Қазақстанда электр энергиясының бағасы қымбаттайды
232
Елімізде алдағы уақытта электр қуатының тарифі қымбаттайды, алайда қанша пайызға екені әлі белгісіз. Энергетика министрлігі қыркүйек айында бағаны нақтылап, жариялайтын болады деп хабарлады Opennews.kz ақпарат агенттігі Хабар24 арнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы елдегі электр энергиясына тарифтерді белгілеу бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметіне сәйкес, баға өсімі инфляциядан жоғары болмайды
.
«Ұлттық банк инфляция дәлізін 8-10% деп бекітті. Тарифтің қымбаттауы бұл көрсеткіштен аспауы керек. Баға бірден өсіп кетпеуі үшін комитет баға саясатын ұстанады», – деді комитет төрағасының орынбасары Тимур Қосымбаев.
Министрлік өкілдерінің сөзінше, тариф құнының қымбаттауына қазіргі бекітілген бағаның саладағы шығындарды толық жаппауы себеп.
«Біздегі тарифтердің көлемі сапалы энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Мысалы ауыл-аймақтарды алайықшы. Көптеген станциялардың тозығы жеткен. Қолданыстағыларының кейбірі өткен ғасырдың 60-70-жылдары салынған», – деп мәлімдеді Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.
Сондай-ақ вице-министр шекті тарифтерді қайта қарау сала мамандарының жалақы мәселесін шешуге мүмкіндік береді деп атап өтті.