Кәмелетке толмаған қызды алып қашып, зорлаған
Шымкентте ер адам кәмелетке толмаған қызды өз еркінен тыс алып қашқан. Бұл туралы жәбірленуші мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
EGov.press телеграм арнасы ұсынған мәліметке сүйенсек, Шымкент қаласының 17 жастағы тұрғыны өзіне қатысты ауыр қылмыс жасалғанын мәлімдеген. Айтуынша, өзін бұрын-соңды көрмеген ер адам бірнеше серігімен жол бойынан күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып қашқан.
Жәбірленуші ата-анасының ол кезде қасында болмағанын күдіктілер біле тұра, жағдайды әдейі ұйымдастырғанын айтады.
Кейін күдіктілер телефонын тартып алып, өз еркімен барғанын және ешқандай мәжбүрлеу болмағаны туралы қолхат жаздыруға тырысқан.
Сонымен қатар күдіктілер айтқандарына көнбесе, қамап ұстайтындарын айтқан.
Жәбірленушінің сөзінше, мәжбүрлі түрде жыныстық қатынасқа түсіргеннен кейін, олар төсек жаймасын алып, келесі бөлмеде отырған жеңгелеріне барып “сүйінші” сұрап, өздерінше тойлаған.
Жәбірленуші араға ұзақ уақыт салмай күдіктілердің үйінен қашып кеткен. Алайда содан бері бұл іс бойынша ешкім тергелмеген әрі жауапкершілікке тартылмаған.
Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, барлық қатысушылардың полиция басқармасына жеткізілгенін және тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.







