ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ АУДАНДАРЫНДА КӨМІР ТАПШЫЛЫҒЫ ОРЫН АЛУДА

1 650
Қызылорда облысының аудандарында көмір тапшылығы орын алуда, - деп хабарлайды «Opennews.kz»  ақпарат агенттігі.
Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сексеуіл  кентінде қатты отынның жетіспеушілігі қиындық тудырып жатқан көрінеді. Қара халық тізім бойынша кезекке тұрғанымен, кезек алға қарай жылжымайтындығын айтуда. 11 мың тұрғыны бар бұл кентте биыл көмір тиісті мөлшерде жеткізілмеген. Өйткені, былтыр елді мекенге 153 вагон көмір жеткізілсе, биыл тасымалдаушылар небәрі 64 вагон қатты отын жеткізгендігі белгілі болып отыр. Қазіргі таңда, Сексеуілде 2200 үй жылусыз отыр. Қара көмірге мұқтаж болған тұрғындарды билік қалай қалыс қалдырып отыр? «Көмір келді», - дегеннен ауыл тұрғындары арбаларын сүйрей жөнелетіндігі тағы бар. Алайда ол кезектің де жылжитын түрі жоқ,  көмір күнделікті келмей, 10 күнде бір жеткізілгендіктен, толықтай қамтамасыздандырылмай  отыр,  деп қара халық  ашынып отыр.
 
«Көмір жоқ. Қаншама адамдар тоңып, тіпті балдар ауырып жатыр. Министр мырза тоннасын 5700 –ден асырмаймыз дегенмен, бізге жеткенше 20  000  теңгеден келеді. Халық шарасыздан қаншадан берсе де, қарап жатқан жоқ. Көмір жетпей,  жасынап   жүргендер қаншама... Келген вагонның астына түсіп жатқандар да бар. Не деген сұмдық бұл, жылда көмір жоқ. Жылда жыр болатын осы мәселе. Ауыл-аймақтарды неге түгендемейді. Қашанға дейін біз қараусыз қаламыз?»,-
дейді Арал ауданының  тұрғыны Назгүл Айымбетова.

Көмірдің бағасы облыс аумағында бұрынғы бағасында қалса, алыс шалғай ауылдарда баға екі есе қымбаттап отыр. Шынымен де жылда жыр болатын бұл мәселенің бір жүйеге келмеуіне не себеп? Әлде біздің билікке тұрғындардың тапшылықты көруі қызықтырақ па? Мәселені шешуден гөрі, қол қусырып қарап отырғанды жөн санайтын үкімет халықтың үнін қашан құлақдар етер екен? Сондай-ақ, ауыл тұрғындары арасында әзіл-шыны аралас әңгімелерде жүр. «Арал мал жапасынан арылды, қыс келді ғой», «Көшелер тазарып қалыпты», сынды  көшедегі мал тезегінің таусылғандығын және бір-бірінен шелекпен көмір, яки  мал тезегін сұрауға да көшті.

«Бізде Сексеуілде осы көмірмен айналысатын 12 кәсіпкер бар. Олардың әрқайсысы 5-10 вагонға алдын-ала қаражатын төлеп қойған. Оның барлығын зерттеп көрдік, олар делдалдарға беріп отыр. Көмір үшінші-төртінші қолға өтіп кеткен», - 
 деді Сексеуіл кентінің әкімі Сәкен Төрешов.

Осы орайда, көмір уақытылы келгенімен алдын-ала алып сатарлардың қолды қылып отырғандығы да мәлім болды. Шыны керек, өз елімізден өндірілген  көмір халық қолына жетем дегенше бағасы шарықтап тұр. Тіпті халық бағасы 2 есеге қымбаттаса да амал жоқ алуға дайын. Жалпы Қызылорда қаласынан бөлек, басқа қалалардың елді мекендерінде де осы көмірдің зардабын тартып отыр. Осыған байланысты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
 
«Біз Қаражыра, Богатырь мен Шұбаркөл кен орындарымен нақты бағаны келістік. Бір тонна үшін 5200 теңге болса, ал ең қымбат баға 5700 теңге. Вагондар уақытында беріліп тұрады. Аймақтарда жағдай тұрақты. Қазір сұраныс өте жоғары. Осыған байланысты қараша айында қосымша 484 мың тонна қатты отынды қарастырып қойдық»,-
 деді инстустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Десек те, билік басындағылардың берген тапсырмалары аяқ асты қалып отыр. Себебі, қадағалайтын жан жоқ сияқты. Сонымен қатар министр тоғыз облыстың әкімдіктері халықты көмірмен қамтамасыз ету шараларын уақытында бақылауға алмағанын тілге тиек етті. Осы орайда Қызылорда облысының «Ханның қызы» деген атқа ие болған, Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы  өзінің кезекті жиналысында облыс көлемінде және аудандарда көмірден тапшылық болмайтынын айтқан болатын. Алайда, баяғы жартас, сол жартас күйінде тұр. Жағдай керісінше бұрынғыдан да күрделеніп отыр. Жылы жерде тұрып, уәде бергеннен, елді мекендердегі жағдайды неге өз көзімен көрмеске? Қара халықтың жанайқайына неге бір сәт құлақ қойып тыңдамасқа? 100 рет естігеннен, бір рет көрген артық демекші, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, дер кезінде шара қолдану әкімнің басты міндеті екендігін ұмытпаған абзал.
«Бүгінде разрезден тоннасы шамамен 7800 теңгеден  сатылып жатқан көмір Алматы, Ақмола, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы сауда нүктелерінде тоннасы 25-30 мың теңгеден сатылуда. Осы қыруар ақшаға қара отынның өзі тапшы болып отыр. Қақаған қыста тұрғындар осыншама қаржат төлеп, көмірді тосуға мәжбүр»,- 
 деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.
 
Жылда жыр болған көмір тапшылығы қашан қолға алынбақ? Қаһарланған қыстың, аязды күнінде қара халықтың мұң-мұқтажын құлаққа ілер жан болса, қанекей?! Жыл сайынғы мәселені қолға алып, зерттесе нұр үстіне нұр болары анық. Алайда, қайталана беретін мәселе болған соң, жергілікті биліктің де еті үйренген секілді. Жиналыста алдағы жылы «қолға аламыз», «енді тапшылық көрмейді» деп жауап беретін әкімнің бос сөздеріне де халықтың құлағы үйреніскендей. Бірақ ол қағаз жүзіндегі, жиналыс көрінісіндегі жылы жауап болғанымен іс жүзінде нәтиже жоқтың қасы. Осы мәселенің бір жүйеге келуін қара халық асыға күтуде. Ең бастысы тапшылық кеселін тигізбесе деп тілейік.
 
ТҰМАР ХАНЫМ