Түркістанда жүздеген студент дипломсыз қалуы мүмкін

268

Түркістан қаласында жүздеген студент дипломсыз қалуы ықтимал. Өйткені екі жыл бұрын ашылған Халықаралық туризм және меймандостық университетіндегі кейбір факультеттер жабылуы мүмкін, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық мамандығында білім алып жатқан 300-ден астам студентке университет басшылығы келесі оқу жылынан бастап аталған мамандықтың оқытылмайтынын жеткізген. Ал кураторлар студенттер мен ата-аналардың кейбіріне "университет лицензиясынан айрылды" дегеннен басқа ештеңе айта алмаған. Сондықтан наразы ата-аналар ұл-қызымен бірге жоғарғы оқу орнының алдына жиналған. Олар балаларымыз дипломсыз қала ма деп қорқатындарын жасырған жоқ.  

"Ата-аналарға бір рет ескерту жасалған жоқ. Шешімді көрсетпейді не басқаны көрсетпейді", - деп ашынды ата-ананың бірі.
 

Осы орайда ата-аналар балаларының болашағына алаңдайтындарын алға тартты. 

Бұған қатысты университет басшылығы пікір білдірді. 

Ректордың міндетін атқарушы Қарлығаш Аралбекова жоғарғы оқу орны екі бағыт бойынша яғни, туризм және педагогикалық бағытта білім беретінін сөз етті. Оның айтуынша, 326 студент оқып жатқан педагогикалық сала лицензиясынан қағылуы мүмкін. 

Университет басшысы Білім және ғылым министрлігінен тиісті құжаттың келмегенін, сондықтан педагогикалық саланы сақтап қаламыз деген үміт бар екенін жоққа шығармады.

 Ата-аналар балаларының осы жерден диплом алып шыққанын қалайды. Сондықтан педагогика саласын жалғастыруды сұрап премьер-министрге хат жазды.