Сарбаз нарядқа түскен күні қарумен өзін-өзі атып өлтірген
Өскемен қаласында мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз қаза тапты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Құрлық әскерлері баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 3 қаңтар күні Өскемен гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде болған.
Марқұм сарбаз өткен жылдың сәуір айында әскер қатарына шақырылған.
Аталған дерек бойынша Ішкі істер министрлігі Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланған жоқ.
Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиға орнына вице-министр Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен арнайы комиссия жіберілді.
Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер қаза болған сарбаздың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті көмек көрсетілетіні хабарланды.







