Үкімет елімізде су тасқынынан зардап шеккен 5 мыңнан аса отбасыға баспана берілгенін мәлімдеді. Төлемдер мен үй-жайлар беру бақылауда екенін жеткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға баспана беру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
“Қираған баспанасының орнына 4769 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерде 2568 жаңа үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, тұрғындарға кілттер табысталды. Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары 100% аяқталды. Жалпы сомасы 49,3 миллиард теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алды. Су тасқынынан зардап шеккен 5 239 отбасыға арнайы салынған және сатып алынған үйлер мен пәтерлер берілді”, – делінген хабарламада.
Үкімет аймақтар бойынша:
Солтүстік Қазақстан облысында құрылысы аяқталған 285 үй,
Қостанай облысында – 57,
Батыс Қазақстан облысында – 80,
Ақтөбе облысында – 43
Павлодар облысында – 5 үй пайдалануға берілгенін мәлімдеді.
Үкімет қаржылай көмек туралы да есеп берді.
“34 216 отбасыға 12,6 миллиард теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленген. Сондай-ақ жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша төлемдер берілуде. Бүгінгі таңда 9,9 млрд теңгеге 21 869 отбасы осындай көмек алды. Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары жалғасуда. Өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 7,9 миллиард теңгеге ШОБ субъектілерінің 455 өтінімін қарап, мақұлдады. Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты”, – делінген хабарламада.