Желіде 2 дипломы бар, 5 тіл білетін қазақстандық арудың Англияға саңырауқұлақ теруге бара жатқаны туралы жазбасы тарады. Көпшілік осындай білімімен бойжеткен өзге елде қара жұмыс істеп жүргеніне таңданды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Жаңаөзендік 26 жастағы Лаура Қосмырзаеваның өзінен шетелдегі жұмысы туралы сұрап көрген. Шетелден 7 миллион теңгедей тауып келдім деген ару Қазақстанда үлкен компанияларда талап жоғары, жалақы аз екенін айтқан.
Лаура желіде: “2 дипломым бар, шамамен 5 тіл білемін. Соған қарамастан екінші жыл қатарынан Англияға саңырауқұлақ теруге бара жатырмын. Күлейін бе, жылайын ба? Бірақ күлкім келіп тұр”, – деп жазған ол.
Лаураның жазбасын көпшілік талқылап осындай білімі бар адамның елде де жақсы ақша табуы керек екенін жазған.
“Жаңа Қазақстан басқа елдерге барып, көкөніс пен жеміс-жидек теріп жүр”, “Сенде мынадай білім бар болса. Қазақстанда қиналмай-ақ айына 700-1,5 миллион теңге табатыныңа сенімдімін”, “Неге біліміңді қолданбайсың? Мен 5 тіл білсем қалаған есікті теуіп кірер едім”, – деп сынады кей жұртшылық.
Ал кейбірі шынымен елдегі жұмыс жағдайы мен жалақыға қарағанда осындай таңдау жақсы мүмкіндік екенін алға тартқан.
“Орта білімім бола тұра, жақсы жұмыс таба алмадым. Көбі 200-400 мың теңге жалақы ұсынады. Бірақ жұмыс тәжірибесін талап етеді. Англияға барып жүргеніме 3 жыл болды, Аллаға шүкір. Иә, Англияда табыс жақсы, әрі Қазақстандағы күйбең тіршіліктен сәл болса да демалып қайтасың”, “Қазақстанда 300 мың теңге айлық алып дәрігер, мұғалім басқа болғанша саңырауқұлақ терген дұрысырақ”, “Менің күйеуімде 2 диплом бар. Доктарантура бітірген, 3 тілде еркін сөйлейді. Қазір Америкада шатыр жөндеп жүр”, – деп өз оқиғаларын баяндады.
Лаура елімізде көбіне жақсы жерге жұмысқа тұру үшін көп жылдық тәжірибе талап етілетінін алға тартқан. Айтуынша, қанша тіл білсең де жақсы жалақы алу үшін бірінші тәжірибені сұрайды екен.
“Қазір тіл білетін жастар көп. Елімізде көбіне тіл білетін техникалық мамандық өкілдері ғана кез келген есікті теуіп кіре алады. Онда да тәжірибесі болуы қажет”, – деп қосты ол.
“Қазақстандағы 1 айлық жалақыны мұнда екі аптада табасың”