Степногорскте ер адам қызды ұрлап, сексуалды құлдықта ұстаған,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. Жәбірленушінің туысының сөзінше, әпкесі алтын өндіретін кен орнында күзетші болып жұмыс істеген. Қазан айының соңында әпкесін бірге істейтін әріптесі ұрлап әкетіп, белгісіз жерде шамамен бір ай бойы ұстаған. Ол үйленеміз деп уәделесіп, қыздың сеніміне кіріп, тіпті қыздың анасымен танысқан. Соңғы рет қыз жігітінің жібермей жатқанын айтқан.
Ер адам жәбірленушіге тамақ пен су бермей, азаптап, есірткі қолдануға мәжбүрлеп, ұйқы бермей, ар-намысын таптаған.
“Ол нағыз тозақтан өтті. Оның үстіне, бұл іске бір адамның ғана қатысы болмауы мүмкін. Әпкем терезе арқылы әрең қашып шығып, аяқтарын жарақаттаған. Қан-жоса, әлсіз, үстінде киімі жоқ, қашып шығып, өтіп бара жатқан адамдардың аяғына жығылып, көмек сұраған. Қазір ол Степногорск қаласының ауруханасында жатыр”, – деп жазды Threads желісінің қолданушысы.
Айтуынша, әпкесі әбден қалжырап, жүре алмай қалған. Дәрігерлер “мазасын алып, онсыз да ауыр халін нашарлатпау үшін” оның жанына жақындарынан ешкімді кіргізбей отыр. Ал тергеуші мен учаскелік полиция қызметкеріне шектеу қоймаған.
“Әпкем жатқан ауруханада әлі күнге дейін тиісті сараптамалар жүргізілмегендіктен, сексуалдық зорлық болған-болмағанын әлі білмейміз. Бұл процесті неге созып жатыр? Ең қорқыныштысы, барлығы оны нашақор сияқты көрсеткісі келіп жатқандай”, – деп жазды ол.
Ақмола облысының полиция департаменті аталған істің Степногорск қалалық полиция басқармасында тіркелгенін мәлімдеді. Қазір қыз психикалық денсаулық орталығында ем алып жатыр.
“Қызды ауруханаға жеткізген кезде оның денесінен сынған шыныдан болған жарақат іздері, сондай-ақ есірткі және алкогольдік масаңдық белгілері анықталған. Тексеру барысында жәбірленуші тараптың уәждері мен оқиғаның барлық мән-жайы мұқият зерттеліп, соңғы процессуалдық шешім қабылданады. Азаматтардан ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз”, – деп атап өтті ведомство.