60 жыл бұрын салынған мектеп әлі жөндеу көрмеген

1 507

Фото:© Stan.kzҚазақстанда кей ауылдарда балалар әлі күнге дейін құлауға шақ тұрған мектепте оқып жүр. Бірінде асхана жоқ, енді бірінде оқушы азайып, мектеп жабылу алдында,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

"Мектептің қабырғалары жарылып, едені шіріп кеткен" Екі жыл бұрын Түркістан облысы, Келес ауданы, Ескіқорған ауылындағы апатты мектеп мәселесін көтерген едік. Сол кезде жергілікті билік 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталатынын айтып, халыққа уәде берген еді. Алайда арада уақыт өтсе де, ауыл мектебінде ешқандай өзгеріс болмаған. Ауыл тұрғыны Дастан Жолдастың айтуынша, құлауға шақ тұрған ғимаратта балалар әлі күнге дейін білім алып, мұғалімдер жұмыс істеуге мәжбүр.

"Біз бұл мәселені қаншама жылдан бері айтып келеміз. Сол кезде де “жаңа мектеп салынады” деген еді. Бірақ міне, тағы екі жыл өтті, ештеңе өзгерген жоқ. Балалар әлі сол ескі мектепте оқып жүр. Мұғалімдер де сол жерде жұмыс істейді. Ғимараттың жағдайы күннен-күнге нашарлап барады", – дейді ауыл тұрғыны Дастан Жолдас.

Тұрғынның сөзінше, мектептің қабырғалары жарылып, едені шіріп кеткен. Ал жауын-шашынды күндері төбеден су ағады. Соған қарамастан, ауыл балалары үшін басқа мүмкіндік жоқ. Ғимаратта асхана, кітапхана немесе оқушылар қатысатын үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылмаған. Қыстыгүні пеш жағады, оның да жағдайы мәз емес. Қазіргі мектеп небәрі екі бөлмеден тұрады. Артқы жағында тағы бір-екі бөлме бар, олардың бірінде бастауыш сынып оқушылары білім алады, ал екіншісі мұғалімдер бөлмесі ретінде пайдаланылып отыр. Мектеп ғимаратының салынғанына шамамен 70 жылға жуықтаған екен.

"Соңғы рет аудан әкімдігі тарапынан 2024 жылдың қыркүйегінде уәде айтылды. Ол кезде көктемде жаңа мектептің құрылысы басталып, 2025 жылдың қыркүйегінде балалар жаңа ғимаратта оқиды деген еді. Бірақ 2024 жылдың желтоқсанында да құрылыс басталған жоқ. Кейін тағы көктемде бастаймыз деді. Жаз да келді, алайда құрылысқа қатысты ешқандай әрекет көріп отырғанымыз жоқ", – деп ауыл тұрғыны ренішін айтты.

Ауыл тұрғыны Дастан Жолдастың айтуынша, балалардың қауіпсіздігіне ешкім толық кепілдік бермейді. Соған қарамастан, ата-аналардан “баланың қауіпсіздігіне өзіміз жауап береміз” деген қолхат алынған. Тұрғындар мұны мәселені шешудің орнына жауапкершілікті халықтың өзіне жүктеу деп бағалап отыр. Осы мәселе бойынша Түркістан облысы білім басқармасына да хабарласып, түсініктеме сұрадық.

"Мәселе Түркістан облысы білім басқармасының тікелей бақылауында. Түркістан облысы Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округі, Ескіқорған елді мекеніндегі №45 бастауыш мектебі 1960 жылы салынған. Жалпы сыйымдылығы 60 оқушы орындық. Мектепте 7 мұғалім қызмет атқарады, бастауыш сыныптарда 67 оқушы білім алады. Жоғары 5-11 сыныптардағы 280-ге жуық оқушы Ескіқорған елді мекенінен 7 шақырым қашықтықтағы Бозсу елдімекенінде орналасқан №43 Болашақ жалпы орта мектебінде тасымалданып білім алып жатыр. Қазір 300 орынды мектеп құрылысын салу үшін сараптама қорытындысын алды. Бұл елді мекеннен 300 орындық жаңа мектеп құрылысын жүргізу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген жағдайда салу жоспарланып отыр", – деп жауап берді Түркістан облысы білім басқармасы.

Басқарма алдағы уақытта елдімекен тұрғындары үшін қолайлы білім беру жағдайын жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады дейді.