Үкімет су тасқынынан бүлінген үйлерді жөндеуге 257 млрд теңге керек екенін айтты

1 527

Фото: Gov.kzПремьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынынан бүлінген үйлерді жөндеу үшін 257 млрд теңге керектігін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Шамамен 67 мың адам өз үйіне оралды, эвакуациялық пункттердегі 3664 тұрғынға қажет барлық көмек көрсетіліп жатыр. Су тасқыны басталғалы барлығы 12 мың 86 тұрғын үй мен 7 380 саяжай (жалғыз баспана) су астында қалды. Жалпы зардап шеккен өңірлерде 18 228 тұрғын үй зерттеліп (94%), 15 651 нысан бойынша бағалау аяқталды (81%)», - деді Қанат Бозымбаев.


Вице-премьердің айутынша, қазір 9 306 баспана қалпына келтіруге болатын, ал 8 190 баспана қайта жөндеуге келмейтін санатқа жатқызылған.


Олар бойынша қайталама нарықтан 5 714 баспана сатып алу және 2 506 типтік жобада баспана құрылыстары жоспарланған. Жалпы тұрғын үйді қалпына келтіруге шамамен 257 млрд теңге керек, - деді Қанат Бозымбаев.


Сондай-ақ Үкімет баспананы жөндеуге және қалпына келтіру үшін 6 176 отбасыға 40 млрд теңге өтемақы төлеген.


Зардап шеккен аймақтарда бүгінде 3414 отбасы қираған тұрғын үйдің орнына жаңа үйлер мен пәтерлер сатып алынды немесе өтемақы төленді. Зардап шеккен азаматтарға арналған 2 503 жаңа баспана салынып жатыр, - деді вице-премьер.


Үкімет басшысының орынбасары табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға 369 200 теңге (100 АЕК, 1 АЕК – 3 692 теңге) көлемінде біржолғы төлем төленгенін атап өтті.


«Биыл 24 маусымдағы жағдай бойынша 33 321 отбасы 12 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Бұл жұмыс Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарында толық аяқталды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарында төлемдерді беру жалғасып жатыр», - деді ол.


Вице-премьер тұрғындарға тұрмыстық техника алуға 7,6 млрд теңге берілгенін жеткізді.


Бағалау аяқталғаннан кейін зардап шеккен тұрғындарға 150 АЕК (553 800 теңге) мөлшерінде  жоғалған қажет заттарды сатып алу үшін қосымша өтемақы төленуде. 7,6 млрд теңге көлемінде 15 355 отбасы өтемақы алды. Мал шығыны үшін мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты, - деді Қанат Бозымбаев.


Сонымен қатар бизнеске келген залалды өтеу бойынша жұмыс басталған.


«Қазір өңірлік комиссиялар шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы сомасы 833 млн теңге шығатын 124 өтінімді қарады және мақұлдады. Жалпы алдын ала бағалауы бойынша 24,1 млрд теңге сомасына 797 шағын және орта бизнес зардап шекті. Осы объектілер бойынша бағалау және сметалық жұмыстар жүргізілуде, олардың қорытындысы бойынша өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылады», - деді вице-премьер.


Су тасқыны салдарынан бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге қомақты қаражат керек.


«Алдын ала бағалау бойынша, әкімдіктердің өтінімдеріне сәйкес инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 48,7 млрд теңге қажет. Бұл қаражат автомобиль жолдарын, электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіруге және әлеуметтік нысандарды жөндеуге бағытталады. Бүгінде 39,8 млрд теңгеге жобалар дайындалып, құжаттаманың Қаржы министрлігіне ұсынылды», - деді Қанат Бозымбаев.