Әйелді рұқсатсыз видеоға түсіріп, ұзақ уақыт аңдыған күдікті сотталды

1 513

Фото: Depositphotos.comАстанада қорғау нұсқамасын елемей, бойжеткенді алты ай бойы аңдыған ер адамға қатысты сот үкімі шықты,- деп хабарлайды Оpennews.kz  ақпарат агенттігі.

“Байланысты тоқтату туралы талаптарды, мессенджерлердегі бұғаттауды, сондай-ақ қолданыстағы қорғау нұсқамасын елемей, ер адам жәбірленушінің тұрғылықты және жұмыс орны бойынша аңдып, оның келісімінсіз бейнежазбаға түсіру арқылы психологиялық қысым көрсеткен”, – делінген Астана прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін толық әрі жан-жақты айғақтарды ұсынған.

Нәтижесінде сот үкімімен ол сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылды, әрі моральдық зиянды өтеу міндеттелген.

Сонымен қатар тұлғаның бұған дейін бостандығын шектеу жазасын өтеп, оның шарттарын бұзғаны ескеріліп, өтелмеген жаза бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратура заңсыз қудалау үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салған.