Көкпар соңы төбелеске ұласқан
Түркістан облысында топ адам 20 жастағы жігітті жабылып ұрып кеткен,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агентігі.
Сұмдығы жәбірленуші Акбаржан Әбдімажитовтың хал үстінде жатқанына қарамастан басына секірген дейді туыстары. Осыдан кейін оны көлікке тиеп өлімші күйде айдалаға тастап кеткен. Ашынған ата-ана күдіктілердің сол күйі қамалмағанына наразы. Сөздерінше, қарулы топтан екі ғана адам жауапқа тартылып, үйқамаққа жіберілген.
Видеодан бір жігіттің құлап түсіп, басқалары оның басына секіргенін байқауға болады. Бірге келген 5 досынан айырып, өзін ұрып-соғып айдалаға апарып тастаған дейді ағасы. Өлім аузында жатқан жігітті туыстары мал соятын елсіз аумақтан екі сағат өткенде таптық дейді.
20 жастағы жігіт бір аптадай жансақтау бөлімінде жатып, енді ғана палатаға ауыстырылған. Акбаржан есін әлі толық жимаған. Оған қазір тергеушілерге жауап бермек түгілі, сөйлеудің өзі қиын. Ал, қасындағы екі досының мұрны сынып, біреуі үйіне жіберілген екен.
Баласынан айрыла жаздаған ата-ана қазір аурухана алдын күзетуге мәжбүр. Өйткені 5 жігітке жабылған 25 адамның біреуі де қамалған жоқ дейді олар. Бүгінге дейін не адам ұрлау, не денсаулығына аса зиян келітур бабы бойынша іс қозғалмады дейді.
Ал Түркістан облысының полиция департаменті болса топтық төбелесте екі адамның күдікке ілініп, қамалғанын мәлімдеген. Кейін олардың үйқамаққа жіберілгенін де мойындаған.







