Ақ халатты алаяқтар көбейді

1 509

Фото:© Freepik.comДенсаулық сақтау министрлігі елімізде медицина мамандарының атын жамылып, алаяқтық мақсатта қоңырау шалатындардың көбейгенін хабарлады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда емханаларға барғаннан кейін түсетін күмәнді қоңырауларға қатысты шағымдар көбейіп отыр. Әлеуметтік желілерде азаматтар медициналық ұйымдарға қаралған соң бейтаныс нөмірлерден хабарламалар мен қоңыраулар түсетінін айтып дабыл қағуда. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды сақ болуға шақырып, бөгде адамдарға жеке деректерді бермеуді ескертеді.

«Осындай жағдайлар еліміздің әртүрлі өңірінде тіркеліп жатыр. Оқиғалар, әдетте медициналық ұйымдардың қызметіне байланысты болмай шығады. Алаяқтар азаматтардың, соның ішінде егде жастағы адамдардың сенімін пайдаланып, өздерін емхана немесе басқа мекемелер қызметкерлері ретінде таныстырады», делінген министрлік таратқан хабарламада.

Министрлік мәліметінше, азаматтар өздерінің тіркелу мәртебесін eGov.kz/eGov Mobile порталы немесе Damumed қосымшасы арқылы тексере алады. Медициналық ұйымдарға қабылдауға жазылу eGov.kz және eGov Mobile порталдары, медициналық ақпараттық жүйелердің мобильді қосымшалары арқылы немесе тіркеу бөліміне телефон арқылы жүгіну арқылы жүзеге асырылады. Ал SMS-кодтар тек цифрлық сервистерде авторизациядан өту кезінде ғана жіберіледі. Мамандардың айтуынша, медициналық ұйым қызметкерлері телефон арқылы мұндай кодтарды ешқашан сұрамайды. Пациенттердің қабылдауға барғанын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін жүйелердің бұзылуы немесе рұқсатсыз қол жеткізу деректері тіркелмеген.

«Азаматтардың жеке дерегінің ықтимал таралуы бойынша ресми өтініштер түскен жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен тексеріледі», делінген министрлік хабарламасында.