Қызымды «браттарға» тоқалдыққа берем деген әке отбасын ойрандады
45 жастағы алматылық кәмелетке толмаған туған қызын діни-радикалды көзқарастың жақтастарына тоқалдыққа бермек болған деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Теологтың айтуынша, мұндай діни бағытта насихат жүргізетіндердің дені теріс ағымға үгіттейді.
Өз аты тұрмақ, бет әлпетін жария етуден бас тартқан, тіпті қорыққан орта жастағы әйел адам даусын да өзгертуді сұрады. Себебі бұған дейін ойын ашық жеткізген азаматқа қысым жасалған. Оған жұбайы тұрмыстық зорлық көрсетіп, адам төзгісіз әрекеттерге де барған көрінеді. Алматылық тұрғын мұның бәріне күйеуінің радикалдарға еріп кетуі себеп болған дейді. Намаз тұрмақ, осыған дейін, діннен хабары болмаған ер адам бір сәтте адам танымастай өзгеріп, жергілікті имамдардың сөзін жоққа шығара бастапты.
Жұбайының басы сәждеге алғаш тиген сәтте жақындары мұны қуанышқа жорыған. Алайда 2 жылда күрт өзгеріпті. Бейтаныс адамдармен араласып, екінші әйел алу туралы әңгімені жиі қозғайтын болған. Өз ұлын өлімші етіп сабап, туыстарын «кәпір» деп балағаттаған. Ең сорақасы, өзінің 16 жастағы туған қызын достарына тоқалдыққа беремін деп айды аспанға шығарған. Осыдан кейін ажырасқан келіншек 4 жылдан бері 3 баласын жалғыз бағып отыр.
Діни-радикалды көзқарастың жақтаушысынан бүгінде іргесін аулақ салған Ақмола облысының тұрғыны да осыған дейін жылдар бойы төзіп келген қорлықты жасырмай айтты. Сөзінше, отағасы келіншегіне адам санатында емес, мүлік ретінде қараған. Одан қалса, теріс діни ағымды насихаттаушылардың жазбасын оқып, оларды пір тұтқан.
Теологтың айтуынша, мұндай діни бағытта насихат жүргізетіндердің дені теріс ағымға үгіттейді. Түрлі аргументтер келтіріп адам санасын улайды. Оның астарында міндетті түрде өзіндік миссия жатыр.
Ал «Не молчи» қорының жетекшісі Дина Смаилова деструктивті діни ағымға үгіттейтін контенттің соңғы жылдары белең алғанын жоққа шығармайды. Оларға қарсы күрес жүргізу де оңай шаруа емес. Оларға ергендер қатары артпаса, кемімейді.
Алматы қалалық Дін істері басқармасына жыл басынан бері 2 әйел жүгінген. Оларға психологиялық көмек көрсетіліп, арнайы оңалту орталығына жіберілген. Бүгінде теологтар санасы уланып үлгергендерге дерадикализация жұмыстарын жүргізіп те жатыр. Имамдар мен дінтанушылар діни сауатын арттырғысы келгендерді абай болуға шақырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде бекіткен дереккөздерге жүгінуге шақырады.