Көлігі ұрланған алматылық қаладан шығар жолдарға таныстарын қойып, ұрыны өзі анықтаған

300
Алматы тұрғыны ұрланған көлігін табу үшін жоспар құрып, қаладан шығар жолдарға таныстарын қойып, ұрыны өзі анықтаған, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 18 желтоқсанға қараған түні мегаполистің солтүстік бөлігінде Қапшағай тасжолына шығар жолда болған. Арнайы операцияны Hyundai Accent автокөлігінің 31 жастағы иесі ұйымдастырған. Көлік дәл сол күні түстен кейін Тастақ шағын ауданындағы мешіт тұрағынан ұрланған.

"Күйеуім жұма намазына барған: ол супермаркет алдындағы ақылы тұраққа көлігін қалдырып, мешітке кіріп кеткен. Ол кіреберісте қалтасында кілттер, банк карталары мен құжаттары бар сырт киімін қалдырған. 30-40 минуттан кейін күйеуім шығып, сырт киімі мен көліктің жоғалғанын көрген. Ол бірден полицияға қоңырау шалды. Маңайдағы камералардан ер адам дабыл арқылы көлікті іздеп жүргені көрінеді. Кейін ол көлікке отырып, күзетшіге ақша төлеместен бірден кетіп қалды", - деді алматылық 27 жастағы әйелі Жазира Смайл.

Оның айтуынша, оқиға орнына келген полицейлер көлік иесіне Сүйінбай даңғылындағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған Hyundai көлігінің суретін көрсеткен.

"Күйеуім қуанып кетті, көлік камераларға түсіп қалса, онда ұсталады деп ойлады. Өйткені бұл қаланың шеті және онда полиция бекеттері көп. Осы уақытта мен үйден мешіт жаққа бардым. Бірақ бізге аудандық Полиция басқармасына бару керек деді. Ол жерге келгенде бізге жедел уәкілдер көлікті іздеп, табатынын айтты. Сондықтан бізді сағат 16.00 шамасында шығарды", - деп қосты әйел.

Осыдан кейін Жазира мен оның күйеуі барлық туыстары мен таныстарына ұрлық туралы ақпарат жібере бастаған. Олар ізін суытпай ұрыны ұстамақ болған.

"Достарымыз арқылы көлік соңғы рет сағат 16.00-17.00 аралығында "Қарасу" ықшамауданында бейнебақылау камераларына түсіп қалғанын білдік. Осы маңда барахолка базары болғандықтан, көлікті бұзуға бере ме деп қорықтық. Бірақ кейінірек ол Hyundai көлігін сатуға жарнама сайтына қойған екен. Біз оны ойламадық", - деді ол.

Сағат 18.00-ге таман көлік иелері әлеуметтік желілерде ұрлық туралы жазба жариялайды. Олар барлық танысынан осы жаңалықты бөлісуді сұраған. Оның барлық танысы мен досы қаладан шығатын жолдарға барып, көлікті іздеген.

"Күйеуімнің інісі мен оның досы Қапшағай көпірі маңында Toyota Corolla көлігімен оны іздеді. Олар оны түнгі сағат 2.00-ден кейін тауып алды: жүргізуші ережелерді бұзбай, жанармай бекеттері мен супермаркет аймағына барған. Олар байқатпай оны ұстауға тырысқан, бірақ үш бұрылыстан кейін ол бірдеңені сезсе керек, қаша жөнелген. Осы уақытта балалар 102-ге қоңырау шалған, бірақ сол жерде олар істі қайта тіркеген.

Осыдан кейін ұры бірнеше шақырымға кетіп, Белинский көшесіндегі мешіттің жанында тоқтап, қашып кеткен", - деді әйел.

Оның айтуынша, жедел уәкілдер таңертең күйеуіне қоңырау шалып, қылмыстың егжей-тегжейін сұрастыра бастаған. Олар ұры болуы мүмкін бірнеше адамды көрсеткен. Нәтижесінде ұры кешкі сағат 17.30-да Жетісу ауданындағы қонақ үйлердің бірінде ұсталған.

Полиция департаменті мәліметінше, ұрланған автокөлік Жетісу ауданындағы Айнабұлақ ықшамауданынан табылған.

"Күдіктіні бөлімшенің криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері ұстады. Бұл қылмысты Алматы облысының 1994 жылы туған тұрғыны жасаған. Оған бірден екі қылмыс бойынша айып тағылған: "Бөтен көлік құралын заңсыз иелену" және "Бөтен мүлікті ұрлау". Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы полковник Есен Ысқақов.