Елдос Қоспаевтың үйі 5 миллиард теңгеге бағаланды
Елдос Қос
паевтың тұрғын үй кешені 5 млрд теңгеге бағаланды, алайда ол нысан мемлекетік органдарға тегін берілуі мүмкін,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Алматыдағы Esentai City тұрғын үй кешенінде орналасқан жылжымайтын мүлік нысандарын қайтадан саудаға шығарған. Бұл жолы құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға Әл-Фараби даңғылы, 116/57 мекенжайындағы көпфункциялы тұрғын үй кешенін өз балансына қабылдау ұсынылған. Ғимараттың жалпы аумағы – 1536,5 шаршы метр, ал жер телімінің көлемі – 0,3950 гектар.
"116/57-үй бекітілген жобаға енгізілмеген. Оның орнында (аумағы 0,3950 га жер телімінде) Есентай өзеніне көркем көрініс ашылатын, жалпыға ортақ пайдалануға арналған саябақ аймағы болуға тиіс еді", – делінген Қоспаев ісі бойынша үкімде.
Алайда саябақтың орнына бұл жерде тұрғын үй кешені бой көтерген. 2021 жылғы наурызда Елдос Қоспаев бұл нысанды небәрі 46,3 млн теңгеге сатып алған. Ал жүргізілген аудит нәтижесінде нысанның құны 5 млрд теңге деп бағаланған: оның 4 млрд теңгесі ғимараттың өзіне, 957 млн теңгесі жер теліміне тиесілі. Жалпы, Мемлекеттік мүлік департаменті Алматыдағы Елдос Қоспаевқа тиесілі 23 жылжымайтын мүлік нысанын бағалған.







