Құжат жүзінде асфальт бар, бірақ шын мәнінде халық батпақ кешіп жүр
Тараз қаласындағы Көшеней 5 көшесінің тұрғындары жол мәселесінен әбден шаршағанын айтады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Sn.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңбыр жауса болды, көше батпаққа айналып, су үйлердің ауласына дейін кірген. Тұрғындардың сөзінше, бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келген. Алайда құзырлы органдар құжат бойынша бұл көшеде асфальт төселген деп жауап берген. Жергілікті халық әкімдікке бірнеше рет шағымданғанын айтқан. Тұрғындар әкіммен кездесулерде де бұл мәселені көтерген. 2025 жылдың сәуір айында әкім орынбасары келіп, тамыз айында жол толық жөнделеді деп уәде берген. Бірақ содан бері ешқандай жұмыс жүргізілмеген.
Тұрғындардың айтуынша, әр жаңбырдан кейін көше көлге айналады, ал лай мен су үйлердің іргесіне дейін жеткен. Мұндай жағдайда өмір сүру қиын екенін айтқан халық әкімдіктің уәдесіне сенуден қалған. Қалада жол жөндеу жұмыстарына жыл сайын қаржы бөлінетіні айтылғанымен, нақты нәтиже көрінбеген. Құжатта асфальт бар деп көрсетілген көшенің іс жүзінде батпақ болып жатқаны жергілікті биліктің бақылауы әлсіз екенін көрсеткен.







