Зейнеткерлерді алдаған алаяқтық тобы әшкереленді

1 514

Фото: ©polisia.kzҚарағанды облысында қарт кісілерді алдаумен айналысқан топ әшкере болды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды облысында полиция қызметкерлері Теміртау қаласынан шыққан, негізгі нысанасы Қарағанды қаласының егде жастағы әйелдері болған алаяқтар тобының қызметін тоқтатқан. Қылмыскерлер сенгіш зейнеткерлерді түрлі айла-тәсілдер арқылы алдап, олардың жинаған қаражатын иемденіп отырған. Қазіргі уақытта тергеу олардың кемінде 9 қылмыстық эпизодқа қатысы бар екенін анықтаған. Зардап шеккендердің жасы 75-тен асқан. Келтірілген материалдық шығын көлемі 320 мыңнан 4 миллион теңгеге дейін жеткен.

Жәбірленушілердің бірі - Қарағанды қаласының 80 жастағы тұрғыны Ә.Бөкейхан атындағы полиция бөліміне алаяқтық дерегі бойынша арызданған. Оның айтуынша, қалалық телефон арқылы қоңырау шалған белгісіз адам өзін ұлы ретінде таныстырып, сәлемдеме келгенін хабарлаған. Ол жеткізу ақысын шұғыл төлеуді талап етіп, төлем жасалмаған жағдайда сәлемдемені сақтау үшін қомақты қаражат төлеуге тура келетінін айтқан. Біраз уақыттан кейін зейнеткердің үйіне жас жігіт келіп, әйел оған 320 мың теңге берген. Курьер кеткеннен кейін ғана зейнеткер телефонмен ұлымен байланысып, алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген. Осыдан кейін ол полицияға хабарласып, күдіктінің нақты сипаттамасын ұсынған. Бірнеше сағаттың ішінде жедел қызметкерлер жоғары жұмыс тиімділігін танытып, күдіктіні және осы қылмысқа қатысы бар топтың басқа мүшелерін ұстады. Тануға ұсыну барысында 80 жастағы жәбірленуші 32 жастағы күдіктіні басқа адамдардың арасынан танып көрсеткен. Сонымен қатар полиция қызметкерлері оны тану үшін Қарағанды қаласының тағы бір 90 жастағы тұрғынына да көрсеткен. Оның дауысын естіген әйел өзін алдаған "курьерді" бірден танып, шамамен 2 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың жымқырылғанын растаған. Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері ұсталғандардың бұған дейін жасалған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.