Жол үстіндегі жанжал адам ұрлығымен аяқталған
Ақтөбеде жаяу жүргінші мен жүргізуші арасындағы жол үстіндегі жанжал адам ұрлығымен аяқталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Жаяу жүргінші жолдан арнайы жолақ арқылы өтіп бара жатып, жүргізушіге ескерту жасаған. Соңғысы бұған өшігіп, әлгі адамның қайда тұратынын анықтап, достарымен бірге оның үйіне келген. Ер адам шаруаларымен үйінен шығып, таксиге отырған сәтте жүргізуші серіктерімен бірге таксидің жолын бөгеп, жолаушыны салоннан сүйреп шығарып, Lexus автокөлігінің жүк салғышына салып әкеткен.
Бұл өрескел қылмыстың алдын алуға куәгер көмектескен. Ол "102" нөміріне қоңырау шалып, бірнеше ер адамның бір адамды күштеп көліктің жүк салғышына салып, белгісіз бағытқа кетіп қалғанын хабарлаған. Адам ұрлау сәті куәгердің бейнетіркегішіне жазылып қалған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері арнайы жасақ сарбаздарының қолдауымен күдіктілер отырған Lexus автокөлігін құрықтаған. Адам ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қаз
Рус






