Заңсыз айналымнан 230 келіден астам есірткі тәркіленген
Жамбыл облысында полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 112 келіден астам есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облысы полиция департаменті қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды белсенді жалғастырып жатыр. Наурыздың 1- і мен 15- і аралығында облыс аумағында 27 есірткі құқық бұзушылығы анықталған. Оның 10-ы қылмыс болса, 17-сі қылмыстық теріс қылық санатына жатқан. Жыл басынан бері 120 есірткі құқық бұзушылығы тіркелген. Оның ішінде 50 қылмыс және 70 қылмыстық теріс қылық бар. Заңсыз айналымнан 230 келі түрлі есірткі тәркіленген. Оның ішінде 225 келіден астам кептірілген марихуана, 3,6 келі гашиш және 1,4 келі синтетикалық есірткі бар.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында төрт адамнан тұратын қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолы кесілген. Күдіктілерден 112 келіден астам түрлі есірткі тәркіленген. Сонымен қатар полиция қызметкерлері есірткі заттарын өсіру және дайындаумен айналысқан екі фитозертхананы анықтап, олардың қызметін тоқтатқан. Бұдан бөлек, интернет желісінде синтетикалық есірткілердің таралуына қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері "Кибербақылау" ақпараттық жүйесі арқылы заңсыз контент таратқан 2066 интернет-сайтқа тосқауыл қойылған. "Антифрод" жүйесіне кейін бұғаттау үшін 173 банк шоты енгізілген, оларда 3 884 690 теңгеден астам қаражат бұғатталған. Есірткі заттарын жарнамалайтын 44-тен астам граффити жазу анықталып, өшірілген. Сонымен бірге жыл басынан бері полиция қызметкерлері есірткі қылмыстарының алдын алу және жастар арасында есірткі қолдануға қарсы көзқарас қалыптастыру мақсатында 365 профилактикалық іс-шара өткізген.







