Шетелден келген әйелден безгек дерті анықталған

1 510

Фото: ©ҚДСҰОҚоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, қауіпті дерт Африкадан оралған әйел адамнан анықталған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда безгектің «жергілікті» ошақтары жоқ. Дертті сырттан әкелу жағдайлары жиілеп кеткен. Соңғы бес жыл ішінде елімізде 13 рет безгек жұқтыру дерегі тіркелген. Олардың басым бөлігі - аурудың ең қауіпті саналатын тропикалық түрі. Эпидемиологиялық зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ауру жұқтырғандардың барлығы дерлік сапар алдында қарапайым сақтық шарасын сақтамаған. 

Атап айтқанда: Дәрігер кеңесіне жүгінбеген;

Химиопрофилактикадан (арнайы дәрілерді қабылдау курсынан) өтпеген.

Безгек - аса қауіпті жұқпалы ауру. Егер емдеу шаралары дер кезінде жасалмаса, ол ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия немесе Латын Америкасына баруды жоспарласаңыз, мына ережелерді есте сақтаңыз: Дәрігерге барыңыз: Сапарға 2 апта қалғанда безгекке қарсы алдын алу емін бастау қажет.

Масадан қорғаныңыз: Репелленттерді пайдаланыңыз, терезелерге тор құрыңыз және кешкі уақытта жабық киім киіңіз.

Таза су мен ас: Тек бөтелкедегі суды ішіңіз, жеміс-жидекті мұқият жуыңыз.

Шомылуға абай болыңыз: Ағынсыз су айдындары мен күріш алқаптарына жақындамаған дұрыс.

Иммунитетке сенбеңіз: Қазақстандықтарда бұл инфекцияға қарсы табиғи иммунитет жоқ, сондықтан ауру өте ауыр өтуі мүмкін.

Егер экзотикалық елден оралған соң дене қызуыңыз көтеріліп, қалтырау пайда болса, дереу дәрігерге қаралып, қай елде болғаныңызды хабарлаңыз.