Жер телімін сатып алғандар сан соғып қалды

1 505

Фото:© Видеодан скринАлматының Наурызбай ауданында жер телімдерін сатып алған елуге жуық тұрғын үй құрылысын бастай алмай отыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

 Қала әкімдігі жаңа бас жоспарға сәйкес аумақ рекреациялық аймаққа жатқызылып, мұнда саябақ салынатынын айтқан. Қаланың Наурызбай ауданындағы Қарғалы ықшам ауданында бірнеше жыл бұрын жер телімін сатып алған ондаған тұрғын бүгінде қиын жағдайға тап болған. Олар бұл аумақта жеке тұрғын үй салуды жоспарлап, қомақты қаражат жұмсаған. Тұрғындардың айтуынша, көпшілігі жерді несиеге алған, құрылыс материалдарын сатып алып, инженерлік желілер тартуға қаржы құйған. Алайда қазіргі таңда олар өз учаскелеріне кіре алмай отыр. Солардың бірі Рустам Баратовтың сөзінше, ол болашақ үйінің құрылысына шамамен 30 миллион теңге жұмсаған.

"Бізге өз жер телімдерімізге кіруге тыйым салды. Қазір учаскелерімізге өте алмаймыз. Көршілеріміздің бірі құрылыс бастағысы келіп, вагон апарған еді, оны өртеп жіберді. Барлығымыз осы жерлерді қарызға ақша алып сатып алдық. Біреу несие рәсімдеді, біреу мүлкін сатып, үлкен үй салуды жоспарлады. Соның бәрінің соңында ештеңесіз қалдық", – деді ол.

Тұрғын Айнаш Сайдақберованың айтуынша, жер телімдері 2018 жылдан бастап сатыла бастаған.

"Міне, осы жерде шлагбаум тұр. Біздің жер телімдерімізге кіретін барлық үш жақтағы жолдың бәріне шлагбаум қойып тастаған. Бас жоспар бойынша жер телімдерінің нысаналы мақсаты өзгергені туралы бізге ешкім хабарлаған жоқ. Біз бұл жердің заңды меншік иесіміз ғой", - деді ол

Ал Әлия Сексенбаева көпшіліктің әлі күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрып, несие төлеп отырғанын айтты.

"Үй салу енді арманға айналды. Сотқа да жүгіндік, архитектуралық-жоспарлау тапсырмасына (АПЖ) өтініш бердік. Бірақ бізге бас тартып отыр. Әкімдікте мұның бәрі заң аясында жасалып жатқанын айтты. Жаңа бас жоспар бойынша осы жерде жақын арада саябақ салынады. Сондықтан аумақта қандай да бір құрылыс жүргізуге болмайды екен", - деді ол.

Жалпы аумағы шамамен 2 гектар болатын жерде 40-қа жуық жер телімі орналасқан. Алайда құрылыс жұмыстары басталмай жатып тоқтаған. Кейін белгілі болғандай, бірнеше жыл бұрын қала әкімдігі бас жоспарға өзгеріс енгізіп, бұл аумақтың нысаналы мақсатын өзгерткен. Жаңа жоспарға сәйкес, аталған жер рекреациялық аймақ (R1) ретінде белгіленген. Бұл — мұнда саябақ немесе демалыс аймағын салу көзделгенін білдіреді. Осыған байланысты жеке тұрғын үй құрылысына рұқсат берілмейді. Тұрғындар өз құқықтарының бұзылғанын айтып, өзгерістер туралы алдын ала хабарланбағанын алға тартуда. Қазіргі таңда олар жерді пайдалана алмай отыр, ал кейбірі несие төлеуді жалғастырып, жалдамалы баспанада тұруға мәжбүр. Әкімдік өкілдері бұл шешімнің заң талаптарына сәйкес қабылданғанын мәлімдеді. Сәулет және қала құрылысы басқармасының дерегінше, аталған аумақта архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын беру мүмкін емес.

Қазір ең өзекті мәселе - жер иелеріне өтемақы төлеу. Алайда оның нақты қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Осыған байланысты тұрғындар Бас прокуратураға ұжымдық арыз жолдауға дайындалып жатыр. Мамандардың пікірінше, мұндай жағдайлар жер қатынастары саласындағы ақпараттандырудың жеткіліксіздігін көрсетеді. Сондықтан алдағы уақытта жер телімдерін сату және олардың нысаналы мақсатын өзгерту кезінде ашықтықты арттыру қажеттігі туындап отыр.