«Бағаны негізсіз өсіруге жол берілмейді»- Нұрлыбек Мәшбекұлы

139

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен тауарлар мен қызмет бағалары бойынша мәжіліс өтті,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Аймақ басшысы жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты құрылыс материалдары мен тасымалдау қызметтерінің құнын жоғарылатқан кәсіпорындармен жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Бағаның өсуі тапсырыс берушілердің жоспарлаған жұмысын мерзімінде, сапалы аяқтауына кері әсер етеді. Оның ішінде, республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының құрылысы басталып, құрылысқа қажетті инертті материалдарға сұраныс артты.  Облыс әкімі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған бұл нысандағы жұмыс қарқынына ерекше назар аударылатынын айтты. Жиында мердігер компаниялар мен жауапты мекеме басшылары хабарлама жасап, өз пікірлерін білдірді. Нәтижесінде кәсіпкерлер көтерген мәселелер оң шешімін тауып, тиісті жұмыстарды өз деңгейінде жүргізу бойынша бірлескен нақты шаралар қабылданды.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі мердігерлер әрекетінің заңдылығы тексеріліп, бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейтінін қатаң ескертті.


Азық-түлік бағаларының тұрақтылығы қарапайым халық үшін маңызды. Айлығы шайлығынан аспайтын жұрт жеңілдіктер мен жәрмеңкені асыға күтіп жүреді. Осыған орай, аудан әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстарды қолға алып келеді. Солардың бірі – күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі.

Өткен сенбіде орталық стадионда «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қолдауымен азық-түлік өнімдері нарық бағасынан 10-15 процент төменгі бағада сатылды. Басты мақсат – нарықтағы бағаны тұрақтандыру. Жәрмеңкеге 1 жылжымалы автокөлікпен жалпы көлемі 19 тонна болатын азық-түлік жеткізілді. Оның ішінде картоп, сәбіз, жуа, күріш, ұн, гречка, макарон, тұз секілді тұрмысқа ең қажетті өнімдер бар. Бағасы да әжептеуір арзан. Мәселен, былайғы күні базардан бірінші сортты ұнды 9 мың теңгеден аса қаржыға алсақ, жәрмеңкеде 7250 теңгеге саудаланды. Картоп пен сәбіз 145 теңге, тұз 40 теңге, макарон өнімі 195 теңгеден сатылды.

Жәрмеңкеге жиналған 200-ден аса тұрғын кезекке тұрып, реттілігімен қажетін алып үлгеруге тырысты. Олар азық-түлік өнімдерін төмен бағада сатылғанына риза. Арзан өнімді алып үлгермей қалғандар енді жәрмеңке қашан болатынын сұрап, келесіде ертерек келуге қамданып қалды.

Бүгінде елімізде азық-түлік бағаларын бақылауға алуға және оны тұрақтандыруға баса көңіл бөлініп отыр. Осыған орай, ауданда да жоспарлы да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, азық-түлік бағасын бақылау және тұрақтандыру басты назарда қала бермек.