Талғат Меңдібаев: Жастар саясаты – азаматтық қоғам арқылы іске асады

1 513

Жастар саясатын жаңғырту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаның негізгі бағыттарының бірі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бұл бастама көпшілік қолдауына ие болып отыр. Өйткені болашаққа алаңдайтын әрбір саналы адам жастар саясатына бейжай қарамауы керек. Сыр жастарының арасында да дарынды әрі талантты, қабілетті әрі шығармашыл ұл-қыздарымыз көп. Сол әлеуетті орнымен ұтымды пайдаланып, халыққа паш ету үшін ең алдымен қажетті жағдай жасау қажет.


Жақында ғана өткен XI облыстық азаматтық форумда «Кітап құрттары» қозғалысының лидері Талғат Меңдібаев жергілікті атқарушы билік пен азаматтық қоғамды жастардың тіркелмеген азаматтық бастамаларын назарға алуға, зияткерлік және ғылыми бағыттағы жобаларға көңіл бөлуге шақырған болатын. Осы бағыттағы бірқатар жобаларға бастамашы болып жүрген қоғам белсендісімен жастар саясатының жай-жапсары туралы пікірлескен едік.


"Жастар саясаты негізінен азаматтық қоғам арқылы іске асады. Сондықтан, азаматтық қоғамның даму индексін арттыру – елдің тұрақты дамуының кепілі. Қазіргі таңда елімізде азаматтық қоғамның белсенділігі арқасында көптеген мәселе шешімін тез табуда. Бірақ азаматтық қоғам деген түсінікті көбінесе белгілі бір жобаларды жүзеге асырушы ұйымдармен байланыстырады. Мысалы, қоғамдық бірлестіктер мен қоғамдық қорлар. Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік тіркеуден өтіп, құжатын алуы оны қоғамдық ұйым етпейді. Сонымен қатар көп қоғамдық бірлестіктер өздеріне қаражат бөліп немесе басқаша қолдау білдірген мемлекеттік мекемелермен және бизнес өкілдерімен жақсы қарым-қатынас құрып, азаматтық қоғамның негізгі мақсатына қарама-қарсы әрекет жасауда. Осы орайда азаматтық қоғамның өкілі ретінде форумда жастар арасында зияткерлік жобаларға көңіл бөлінуі керек екені туралы ұсыныс айттым.

Жалпы салада көңіл көншітпейтін нәрселер баршылық. Мысалы, былтыр елімізде жастар ресурстық орталықтарының құрылғанына 10 жыл. Осы уақыт ішінде жастар ресурстық орталықтары мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың негізгі институционалдық бөлігіне айналды. Дегенмен қазір жастар орталығының қызметкерлерге жалақы төлейтін бюджеті ғана бар.

Оған қоса, жастар саясатын іс-шаралар өткізу деп түсінетіндер бар. Бірақ жастар саясаты мақсатты түрде индикаторларға бөлінуі керек. Облыста 70 мыңдай жас бар. Барлығымен жастар орталығы жұмыс жүргізе алмайды. Қызметкерлерінің айлығы да төмен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ҚР Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңындағы тұжырымдамалық өзгерістерге қол қойды. Өткен жылы 28 ақпаннан бастап аталған Заң өз күшіне енді. Енгізілген өзгерістер аясында жастар категориясы 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осылайша мемлекеттік жастарды қолдауға бағытталған бағдарламаларды пайдаланатын жастар саны 3,4 млн-нан 6 млн-ға дейін көтерілді. Осы шаралар аясында жастар орталығы қызметкерлерінің айлығын көтерсе де жақсы болар еді. Сондай-ақ жастар басқармасын қайтару керек деп ойлаймын. Жастар саясатымен қазіргідей қоғамдық даму басқармасының бір бөлімі емес, дербес мемлекеттік мекеме айналысқаны жақсы.

Ал жастардың өзіне келер болсақ, жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешімін таппай отыр. Күрмеуі қиын түйткілдің түбін қазбаласақ, мектепте кәсіби бағдардың дұрыс болмауы шығады. Көбіне мамандықты ата-ана таңдайды, болмаса ҰБТ-дан алған балы шешіп кетеді.

Қарапайым ғана мысал. Бір жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі мамандығына түсетін адам болмай қалды. Сол кезде келесі жылы бір бала түссе де группа ашып оқытамыз деді. Сондай-ақ профицит мамандықтар да бар. Мысалы, облыста төрт бірдей медицина колледжі бар. Жылына орта есеппен 2 мың адам бітіреді. Барлығы фельдшер немесе медбике. Оның бәріне мамандығы бойынша жұмыс табылмайды. Сондықтан осы мамандық профициттерімен, кәсіби бағдар берумен жұмыс істеу керек деп ойлаймын.

Жалпылама алғанда, мемлекет көлемінде жастар саясаты қанағаттанарлық емес. Дегенмен белсенді жастарға мүмкіндік көп. Талантты жастарымыз түрлі жобаларға қатысып, өз бастамасын жоба ретінде қорғап, қолдау табуда. Республика көлемінде «Тәуелсіздік ұрпақтары», басқа да ауқымды жобалар бар. Облысымызда бұрын мектеп жасындағы балаларды ғылымға ынталандыруға бағытталған «Жас ғалымдар» деген жоба бар еді. Кейін өзгеріп кетті. Өзгешелігі көп, форматы мүлдем басқаша HACKATHON IT жобалар байқауы, цифрлық салаға қызығушылық танытқан жастардың басын қосқан «Innofest» инновациялық идеялар фестивалі, білім, ғылым, кәсіпкерлік, ішкі туризмге қатысты түрлі тақырыптар бойынша жастарды еркін пікір алмасу аймағына шоғырландырған «Pecha-Kucha» жобаларын айтуға болады. Олар қатысқан әрбір жасқа мотивация бере білді деп ойлаймын. Осындай игі шаралардың ауқымын кеңейткен дұрыс. 

Себебі, жастарымыздың Жайдарман ойнап, дебат өткізуінің кемі жоқ. Би билеп, ән айтып та болдық. Бұл бағыттағы іс-шаралар әбден жолға қойылған, ендігі өз жалғасын таба береді. Бізге зияткерлік бағыттағы жобалар жетіспейді. Үлкен қалаларда ондай жобалар өте көп. Сенбі-жексенбі сайын кафе-барда жастар жағалай топтасып, өздері де өткізе береді. Мысалы, жуырда ғана тұңғыш рет 1000 жас қатысқан «Quiz» ойыны өтті. Талайды таңдандырған сайыс Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Астананың өзінде 2 қазақша, 3 ағылшын, 6 орыс тілінде «Quiz» ойындары тұрақты ұйымдастырылады екен. Бәрінің мақсаты бір – жастардың ой-өрісін, білімін жетілдіру, бос уақытын тиімді өткізуге жәрдемдесу.



Бізде ғана ондай нәрсе жоқтың қасы. Үш жыл бұрын өзіміз бастамашы болып, белгілі кәсіпкер Мағжан Ералиевтің демеушілігімен «AQYL-BATTLE» республикалық сайысын өткізгенбіз. Кейін ол тренд болып кетті. Ауылдарда, аудандарда, мектептер арасында әртүрлі форматта өтті. Сондай-ақ, былтыр басқарма тарапынан қолдау көрсетіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен 20 команда қатысқан «IQ-orda» республикалық зияткерлер сайысы өтті. Қазіргі таңда білім басқармасы, облыстық телеарна, жастар орталығы мен Қорқыт ата атындағы университет бірлесіп «Зияткер» деген жоба бастадық. «Қызылорда» телеарнасында әр сенбі сайын 11 сынып оқушылары арасында өтеді. Жеңімпазға университет гранты беріледі.

Бір сөзбен, осындай зияткерлік жобаларды көбейту керек деп ойлаймын. Себебі, ақылды адамдардың басын қосқаннан ұтарымыз көп. Мысалы, қазір біз жоғарыда атап өткен IT-стартап жобалардың өз қауымдастығы, ортасы бар. Бір-бірін айтқызбай түсінеді. Бірлесіп өз жобаларын одан әрі дамытуда", – дейді Талғат Меңдібаев.