20 жастағы құрылысшы жігіт қолынан айырылды
Семейде еңбек шартысыз және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықсыз құрылыс алаңында жұмыс істеген жігіт қолынан айырылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сілтеме жасап.
20 жастағы жігіт бейресми түрде жұмыс істеген. Жұмыс беруші оны ешқандай дайындықсыз қауіпті жұмысқа жіберген. Құрал-жабдықпен жұмыс істеу бойынша оқыту да, қауіпсіздік техникасына қатысты нұсқаулық та жүргізілмеген. Соның салдарынан арнайы құрылғы оның оң қолын жұлып кеткен. Қазіргі уақытта зардап шеккен азамат жедел медициналық жәрдем ауруханасында ем алып жатыр. Дәрігерлер оған шынтақтан жоғары ампутация жасауға мәжбүр болған. Науқас жансақтау бөлімінен шығарылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған. Алда оны ұзақ емдеу, оңалту және протездеу кезеңдері күтіп тұр.
Өзін зардап шеккен азаматтың жұбайымын деп таныстырған қыз әлеуметтік желілер арқылы әділдікке қол жеткізуге тырысып жатыр. Оның айтуынша, құрылыс алаңында орын алған заңбұзушылықтар үшін жұмыс беруші тиісті жауапкершілікке тартылуы тиіс. Аталған оқиға бойынша тергеуді Абай облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті жүргізіп жатыр. Ведомствоның мәліметінше, арнайы комиссия құрылып, жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайлары жан-жақты тексерілуде.
“Ол 10 жұмыс күні бойы жұмыс істейді. Құрамына мемлекеттік еңбек инспекциясы өкілдерімен қатар, оқиға болған нысанның жұмыс берушісі де енгізілген. Ол зардап шеккен азаматтың оқытусыз және нұсқаулықсыз жұмысқа жіберілгенін жоққа шығармады. Комиссия қорытындысы бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады”, – деді департамент басшысы Ерлан Ниятқабылов.







