7 метрден асатын ағаштарды кесу бастамасы қоғамда қызу талқыланды
Алматыда билік ағаштардың биіктігін тек 7 метрмен шектеу мүмкіндігін қарастырып жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүл шара сау ағаштардың өз салмағының әсерінен құлап кетпес үшін жасалмақ. Дегенмен қала тұрғындары бұған қарсы шығып, табиғатқа зияны тиеді деп алаңдауда. Жасыл желектердің биіктігін 7 метрмен шектеу идеясын Алматының Медеу ауданының әкімі журналистермен кездесуде айтты. Қураған ағаштарды кесу туралы сұраққа жауап берген шенеунік қауіп апатты ағаштардан ғана емес, биік ағаштардан да туындайтынын атап өтті.
“Қазір Экология басқармасы Еуропа мен кейбір басқа елдерде қабылданған стандарттарды қарастырып жатыр. Қысқаша айтқанда, ол жақта ағаштың биіктігі 7 метрден аспауға тиіс деген нормалар бар. Ағаштың діңі жақсы қалыптасқан болуы керек. Сондай-ақ тұқымдық құрамы да ескеріледі”, – деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.
Мәселе ағаштардың жиі құлауынан туындаған. Жуырда қураған ағаш көшені жапса, өткен жазда бұтақ әйелдің үстіне құлап, ол қаза тапты. Сарапшылардың айтуынша, тіпті сау ағаштар да ауыр бұтақтарының салмағынан кенет құлауы мүмкін, мұны алдын ала болжау қиын. Алайда дендролог Николай Зверев бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, ағаштарды кесудің орнына оларды бақылап отыру жеткілікті. Сарапшының сөзінше, өсімдіктің өсуін жасанды түрде шектеу оларды әлсіретіп, ауруға шалдығу қаупін арттырады. Себебі көп ағаштардың ұшар басы 7 метрден кейін қалыптасады.
“Үйеңкі де, қарағаш та, емен де, қарағай да, шырша да осы шектеуге түседі. Біз оңтүстікте тұрамыз. Өсіп тұрған барлық ағаш адамға қызмет етуі керек: шаңды ұстап қалу, көлеңке беру, өйткені жазда өте ыстық. Оларды қалай кесуге болады?” – деді Алматы қаласындағы Ботаника институтының аға ғылыми қызметкері Николай Зверев.
Қала тұрғындары да бұл идеяға наразылығын білдірген.
Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде бар, бірақ онда ағаштарға бірыңғай биіктік шектеуі қойылмайды, шешім әр ағашқа жеке қабылданады.







