Қытайдан техника жеткізумен айналысатын NKB GROUP KAZAKHSTAN компаниясы мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан екі жылға айырылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Журналист Михаил Козачковтың желідегі арнасында Қазақстанда қытайлық арнайы техниканы жеткізумен айналысатын NKB GROUP KAZAKHSTAN жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік сатып алулар жүйесінен уақытша шеттетілгенін жазды. Компания екі жылға сенімсіз жеткізушілер тізіміне енгізілді.
Аталған кәсіпорынның иесі кәсіпкер Николай Рогонов. Бұған дейін оның компаниясы бірнеше мемлекеттік мекеме мен кеден органдарын алдағаны туралы деректер жарияланған.
Тексеру барысында компания қызметкерлері экологиялық талаптарға сай келмейтін жүк көліктерін Қазақстанға заңсыз әкелгені анықталған. Құжаттарда күмәнді мәліметтер тіркеліп, бұл заңбұзушылық шекарада әшкереленген. Осылайша, қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер шартты жаза алған.
Ал заңсыз әкелінген өздігінен жүк түсіретін көлік тәркіленді. Сонымен қатар NKB GROUP KAZAKHSTAN мемлекеттік сатып алуларға қатысып, тапсырыс берушілерге техникалық талаптарға сай келмейтін өнім ұсынған. Мәселен, өткен жылы елордада компания Астана-Энергия үшін 94 миллион теңгеге дөңгелекті экскаватор жеткізу тендерін жеңіп алған.
Алайда тапсырыс берушіге ұсынылған техника келісімшарт талаптарына сәйкес келмеген. Экскаватордың техникалық сипаттамалары төмен болып шыққан, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріндегі қажетті құжаттар да болмаған. Осыдан кейін компанияға қатысты сотқа талап арыз түсіріліп, бірінші инстанция шешімімен ол жосықсыз жеткізуші деп танылды.
Ұқсас жағдай Алматыда да тіркелген. ҚазАвтоЖол 1,5 миллиард теңгеге 50 экскаватор-жүк тиегіш сатып алуды жоспарлаған. Бұл тендерді де "NKB GROUP KAZAKHSTAN" ұтып алғанымен, компания техниканы белгіленген мерзімде жеткізе алмаған.
Сот бұл жағдайда да кәсіпорынның әрекетін заңбұзушылық деп танып, оны мемлекеттік сатып алулардан шеттету туралы шешім шығарды. Компания өкілдері сот шешімдеріне апелляциялық шағым түсіргенімен, Астана қалалық соты істі қайта қарап, алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, "NKB GROUP KAZAKHSTAN" екі жыл бойы мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды.
Мамандар мұндай жағдайлар адал бәсекелестікке кері әсер етіп, мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкелетінін атап өтеді. Сондықтан аталған оқиға басқа кәсіпкерлер үшін де сабақ болуға тиіс.