Енді мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жаңа жүйемен төленеді
Сенат мемлекеттік қызмет туралы заңды және оған ілеспе түзетулерді мақұлдады, құжат мемлекеттік қызметкерлер үшін мансаптық өсудің жаңа моделін енгізуге ықпал етеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі El.kz сайтына сілтеме жасап.
Евгений Больгерт бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, кәсіби мамандарды ұстап қалуға бағытталғанын жеткізді. Енді қызметкерлер бір лауазымда жүріп өсіп, жалақысын арттыра алады.
“Төрт деңгейлі жүйе енгізіліп, жалақы мөлшері қызмет нәтижесіне, оқытуға және тағылымдамадан өтуіне байланысты болады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы кемінде үш жылда бір рет индекстеліп отырады”, – деді депутат.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов бұл тәсіл дамыған елдерде бұрыннан қолданылатынын айтқан. Жаңа жүйе бойынша қызметкерлер сол лауазымда жүріп, дамып, жоғары жалақы ала алады. Ал бір деңгейден екіншісіне ауысу толықтай автоматтандырылып, “Е-қызмет” жүйесі арқылы жүзеге асады.
- Төртінші деңгей – базалық.
- Үшінші және екінші деңгейге өту үшін қызметкер кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс.
Жоғары деңгейге өту үшін қызметкердің жұмысы жақсы бағалануы, тәртіптік жазасы болмауы және қажет оқу мен тағылымдамадан өтуі керек. Жаңа өзгерістердің тағы бір бөлігі – әлеуметтік қолдау шаралары. Басқа елді мекенге ауысқан қызметкерлерге көтерме жәрдемақы мен көшу шығындары өтеледі. Сонымен қатар еңбек өтілі 25 жылдан асқан және мемлекеттік немесе ведомстволық наградалары бар қызметкерлерге зейнетке шыққанда төрт 4 ай көлемінде біржолғы төлем беріледі.
Демалыс күндері де көбейтіледі:
- 10 жылдан бастап – 3 күн;
- 15 жылдан бастап – 5 күн;
- 20 жылдан бастап – 10 күн;
Отбасылық жағдайға байланысты 10 күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалыс беру де қарастырылған. Заңда мемлекеттік қызметкерлерді заңсыз жұмыстан шығару немесе қызметін төмендету жағдайында жалақыны немесе айырмасын өтеу тетігі енгізіледі (6 айға дейін). Сонымен қатар тәртіптік жауапкершілік жүйесі жаңартылып, жеңілдететін және ауырлататын жағдайлар ескеріледі. Жаза мерзімі 2 айдан 6 айға дейін белгіленеді. Қоса алғанда, ескерту, әңгімелесу және құзыреттілікті тексеру сияқты алдын алу шаралары енгізіледі. Оған қоса мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби қызметіне заңсыз араласудан қорғау күшейтіледі.







