Елімізде ірі көлемде алаяқтық жасаған азамат ұсталды

1 500

Фото: ©polisia.kzАстанада ірі көлемде алаяқтық жасаған  азамат ұсталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап

Астана қаласы Алматы аудандық полиция қызметкерлері “Anti-fraud” жедел алдын алу іс-шарасы барысында ірі көлемде алаяқтық жасаған 43 жастағы азаматты ұстады. Күдікті өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіге телефон арқылы хабарласқан. Ол “сіздің депозиттік шотыңыздан белгісіз тұлғалар ақша аударуға әрекет жасап жатыр” деп, азаматтың сеніміне кірген. Қауіпсіздік мақсатында жалған “қауіпсіз шот” ұсынып, оған 1 млн теңге аударуды сұраған. Бұдан кейін жәбірленушіге өзін құқық қорғау қызметкерлері ретінде таныстырған басқа тұлғалар хабарласып, “операцияның жалғасып жатқанын” айтқан. Олар жәбірленушіден өзге де жинақтары туралы сұрап, оның екінші деңгейлі банктегі шотында қомақты сомадағы қаражат бар екенін анықтаған. Алаяқтар азаматты ірі сомадағы қаражатты шешіп алып, оны “тексеру үшін” арнайы курьерге тапсыруға көндірген. Жәбірленуші 21 млн теңгені қолма-қол алып, қорапқа салып, келген курьерге табыстаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қолға түсірген қаражатты әр түрлі счеттарға аударып жіберген шетел азаматын қолға түсірген. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.  

Полиция азаматтарды сақ болуға, бейтаныс адамдардың телефон арқылы айтқан нұсқауларына сенбеуге шақырады. Банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлері ешқашан ақша аударуды немесе қолма-қол қаражатты үшінші тұлғаларға беруді талап етпейді. Осындай жағдайларға тап болған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет екенін ескертеді.