Талғардағы қанды оқиғаға қатысты жәбірленуші тарап түсінік берді
Талғарда тал түсте кісі қолынан қаза тапқан Ернар Тұрғанбектің әйелі күдіктінің суық хабарды қалай жеткізгенін және өздерін қарумен қорқытқанын айтып берді, - деп "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Адам өлтіріп, екі жастағы қызды кепілге алған күдікті бұған дейін де істі болған. Бұған дейін ол қыздың анасын зорлап, бірнеше ай қысым көрсетіп келген. Жәбірленушілердің айтуынша, осыған байланысты олар полицияға арыз жазған. Алайда полиция ешқандай шара қабылдамай, күдіктіні бостандыққа жібере салған. Қанды қылмыс осының салдарынан болған.
Ернар Тұрғанбек сол күні әйелімен базарға бармақ болған. Жолға шықпас бұрын досымен дүкенге кетеді. Бірақ сол кеткеннен оралмаған. Қылмыс марқұм дүкеннен қайтып келе жатқан жолда болған. Оларды жол ортасында бөгде 3 адам тоқтатқан. Соның бірі мылтық алып шығып, сөзге келместен марқұмның жүрек тұсынан 2 рет атқан. 30 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Жәбірленушілердің сөзінше, күдікті бұдан кейін екі сыбайласын ертіп, марқұмның үйіне кірген.
26 жастағы күдікті бұған дейін марқұмның қарындасымен таныс болған. Екеуі бір мектепте оқыпты. Жарты жылдай жақын араласқан. Күдікті негізі көлік жөндейді, бірақ жәбірленушілердің айтуынша, ол алаяқтықпен де айналысқан. Марқұмның қарындасын өзінің жымысқы әрекеттеріне тартыпты, бірақ келіспеген соң қысым мен зорлық көрсеткен. Осылайша ол бір ай жәбірленушілерді қорқытып, сол күні де үйге марқұмның қарындасын іздеп келген.
Марқұмның қарындасын таппаған соң күдікті оның 2 жастағы қызын кепілге алып, тауға қарай қашқан. Сол сәтте полиция іздеуге кіріседі. Күдіктінің орналасқан жерін дронмен табады. Бірақ адам атып қана қоймай, бала ұрлаған ол қызбен бірге көлікпен жардан тастап жіберген. Алайда ағашқа тіреліп, қаршадай қыз екеуі тірі қалады. Бала құтқарылып, күдікті қолға түсті. Қалған екеуі де қамауға алынды. Жәбірленушілердің айтуынша, оқиға салдарынан қаршадай қыз тілін кесіп алып, оған ота жасалды. Қазір ол ауруханада. Бүгінде қылмысқа және кезінде шарасыз отырған Талғар ауданының полициясына қатысты қылмыстық із қозғалды.