"Нұрлы жермен" үй алған тұрғындар дірдектеп отыр
363
Алматы облысының Көксу ауданында "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйдің құбырлары жарамсыз болып қалды- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Осы себептен тұрғындар үйді жылытамыз деп пеш қосып, жарыққа белшеден қарызға батқандарын айтады. Ал әкімдік үйдің жылыту құбырлары дұрыс емес десе, үйді жобалаушылар барлық мәселе жылыту қазандығынан деп отыр.
Балпық би ауылының тұрғыны Шалипа Нұрсағиева екінші топтағы мүгедек. Оған бағдарлама бойынша жаңа үйлердің бірінен бір бөлмелі пәтер кезегі бойынша берілген. Бірақ сол бір бөлмелі пәтер тастай суық дейді. Жылыту үшін пеш қосып, шығынға белшеден батып жатқандарын жеткізді.“Жылытқыш қосып, 21 мыңға дейін жарықтың ақшасын төледім. 15 мыңнан кем емес, 17,19,20 мың бәленбай тенге шықты. Ваннаға суға түсе алмаймыз, қыстың күні жуына алмаймыз. Дәретке далада отырғандай боламыз. Ешқандай жылу жүргізілмеген”, – дейді Шалипа Нұрсағиева.
Тұрғындар үйдің сырты ғана жылтырап тұр деп күйінеді. Тіпті пәтерлеріне дейін тартылып тұрған газ құбырлары іс жүзінде қосылмағанын айтады. Әкімдіктегілер 15 қазанға дейін жылу құбырларын ауыстырып, мәселені шешіп береміз деп отыр.
Пайдалануға берілгеніне 2 жылда толмаған Көксу ауданындағы 50 пәтерлі бұл үй мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 550 млн теңгеге салынған. 50 пәтерлі үйде көпбалалы анадар, мүгедек жандар қоныстанады.