Ағайынды ер адамдар тұрғын үйді есірткі зертханасына айналдырған
Түркістан облысының Арыс қаласында полиция жарты тоннаға жуық мефедрон өндірілген есірткі зертханасын әшкереледі. Күдікті ретінде екі ағайынды ер адам ұсталды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мамыр айының басында жүргізілген жедел және арнайы іс-шаралар нәтижесінде министрлік қызметкерлері Арыс қаласында есірткі зертханасын анықтап, оның жұмысын тоқтатты. Жедел-іздестіру шаралары барысында қаланың шетінде орналасқан жеке тұрғын үйде екі ағайынды ер адамның синтетикалық есірткіні ірі көлемде заңсыз өндіргені белгілі болды. Оқиға орнын тінту кезінде жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон мен 1,5 тонна прекурсор тәркіленді. Сонымен қатар реактор, колбалар, магниттік араластырғыш, канистрлер, пластикалық науалар және есірткі дайындауға арналған өзге де құрал-жабдықтар табылған.
Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің сөзінше, күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастаған.
"Аталған бап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ есірткі өндірісін ұйымдастыруға бағытталған кез келген әрекетті қатаң түрде тоқтататынын ескертеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр", -деді Елдар Әбдікенов.







