Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділік: Yandex Qazaqstan 17 сервисті бейімдеді

1 509

Фото: ©️Yandex QazaqstanЦифрлық қолжетімділік туралы дүниежүзілік ақпараттандыру күніне орай Yandex Qazaqstan компаниясы көру, есту, сөйлеу және қимыл-қозғалыс ерекшеліктері бар адамдарға бейімделген 17 сервисінің мүмкіндіктері туралы мәлімдеді,- деп хабарлайды Opennews.kz  ақпараттық агенттігі Kaz.nur.kz сілтеме жасап.

Компания арнайы жобаны іске қосты. Онда сервистерді пайдаланудың түрлі сценарийлерін - маршрут құру мен Таксиге тапсырыс беруден бастап кітап оқу мен фильм көруге дейін - бір жерге жинақтады, деп хабарлайды Yandex Qazaqstan. 

Мәселен, Яндекс Go сервисіндегі арнайы мүмкіндіктер арқылы жолаушылар Такси шақырған кезде өз қажеттіліктерін алдын ала көрсете алады. «Көлікті табуға көмектесіңіз», «Тек мәтін арқылы сөйлесемін», «Мүгедектер арбасымен боламын», «Сөйлемеймін, бірақ естимін» секілді опциялар қарастырылған. Бұл функциялар жүргізушіге жолаушыны қалай қарсы алу және қандай көмек қажет болуы мүмкін екені туралы алдын ала ақпарат береді. Компания мәліметінше, 2023 жылдан бері бұл мүмкіндіктерді 124 мыңнан астам бірегей пайдаланушы қолданып, 1,5 миллионнан астам сапар жүзеге асырылған. Яндекс Go сервисі есту қабілеті бұзылған жүргізушілерге де бейімделген. Мұндай жағдайда дыбыстық хабарламалардың орнына жарық сигналдары пайдаланылады. Сонымен қатар жолаушыларға жүргізушінің ерекшелігі туралы алдын ала хабарлама жіберіледі. Қазіргі таңда Қазақстанда Яндекс Go платформасында есту қабілеті бұзылған 1500-ден астам жүргізуші серіктес ретінде жұмыс істейді. Олар ай сайын жүз мыңдаған сапар орындайды.

Қолжетімді қалалық орта қалыптастыру мақсатында Яндекс Карталар сервисі де кеңейтілген мүмкіндіктер ұсынады. Қазақстанның 2400-ден астам елді мекеніндегі 80 мың ұйым туралы ақпаратта пандус, лифт, автоматты есік және басқа да қолжетімділік элементтері көрсетілген. Алматы мен Астана қалаларында жаяу бағыт құру кезінде сервис 4500-ден астам баспалдақ пен пандус туралы деректерді ескеріп, пайдаланушыға ең ыңғайлы бағытты ұсынады. Бұл мүмкіндік қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтармен қатар, балалар арбасымен жүретін ата-аналарға да пайдалы. Компанияның көптеген сервистері экрандық қолжетімділік бағдарламаларын қолдайды. Олардың қатарында Яндекс Go, Карталар, Алиса AI, Браузер, Кинопоиск және Яндекс Кітаптар сервистері бар. Мұндай технологиялар экрандағы мәтінді дауыстап оқып, көру қабілеті бұзылған адамдарға мобильді қосымшалар мен сайттарды еркін пайдалануға мүмкіндік береді. Яндекс Браузерде нейрожелі арқылы суреттердің сипаттамасын автоматты түрде жасау функциясы енгізілген. Сонымен қатар браузер веб-парақтардағы мәтінді дауыстап оқи алады және видеолар үшін автоматты субтитр қалыптастырады. Бұл мүмкіндіктер көру немесе есту қабілеті бұзылған пайдаланушылар үшін ақпаратты қабылдауды айтарлықтай жеңілдетеді. Алиса виртуалды көмекшісі де инклюзивті технологиялардың бірі саналады. Ол көру, сөйлеу және қимыл-қозғалыс ерекшеліктері бар адамдарға ақпарат іздеуге, музыка қосуға, аудиокітап тыңдауға немесе «ақылды үй» құрылғыларын басқаруға көмектеседі. Сонымен қатар технология сөйлеу ерекшеліктері бар адамдардың, соның ішінде кекештенетін немесе инсульттен кейін сөйлеуі бұзылған пайдаланушылардың сөзін тануға бейімделген. Сөйлеуді тану жүйесін жетілдіруге 300-ден астам адам қатысқан.

Есту ерекшелігі бар адамдарға арналған Яндекс Разговор сервисі де кеңінен қолданылып келеді. Қосымша сөйлеуді мәтінге айналдырып, ал терілген мәтінді дауыстап оқиды. Бұл адамдардың бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Бір жылдың ішінде сервисті 2,5 мыңнан астам адам пайдаланып, 31 мыңнан астам сөйлесу жүзеге асырылған. Қосымша қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Ойын-сауық бағытындағы сервистерде де қолжетімділікке ерекше көңіл бөлінген. Кинопоиск платформасында көру қабілеті бұзылған көрермендерге арналған тифлокомментарийлері бар ондаған фильм мен сериал ұсынылған. Мұндай аудиосүйемелдеу экрандағы әрекеттерді, кейіпкерлердің қимылын және қоршаған ортаны сипаттап отырады. Сонымен қатар көптеген фильмдер мен сериалдар SDH-субтитрлермен жабдықталған. Бұл субтитрлер диалогтармен қатар музыканы, қоршаған орта дыбыстарын және сөйлеушіні де көрсетеді.

Компанияның мәліметінше, барлық жаңа сервистер мен жаңартулар қолжетімділік стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан арнайы тексеруден өтеді. Сонымен қатар тестілеу жұмыстарына түрлі ерекшелігі бар адамдар қатысады. Бұл тәсіл нақты пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескеретін технологияларды дамытуға мүмкіндік береді. Yandex Qazaqstan инклюзивті технологияларды дамыту арқылы цифрлық сервистерді баршаға бірдей қолжетімді етуге және ерекше қажеттілігі бар адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған жұмыстарын жалғастырып келеді.