Жасанды интеллект сот процестерін талдауға көмектеседі
Жоба Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевтің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Бастама сот жүйесін ауқымды цифрландыру және сот төрелігінің сапасын арттыру мақсатында қолға алынған. Жаңа сервис Жоғарғы Сот басшылығы, Сот әкімшілігі және өңірлік соттардың қатысуымен өткен кеңесте таныстырылды.
“Мұндай технологияларды енгізу Президенттің "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан" атты Жолдауында белгіленген бағытқа сай келеді. Соңғы жылдары соттар электронды істерге, материалдарды автоматты бөлу жүйесіне, экстерриториялық соттылыққа және процестерді ішінара роботтандыруға көшті”,- деді Асламбек Мерғалиев.
Жүйе судьялардың жұмысын жеңілдетуге және сот тәжірибесін тереңірек талдауға арналған жасанды интеллект технологияларына негізделген.
«Судьяның цифрлық көмекшісі» бір жарым жыл бойы Астана қаласы, сондай-ақ Жамбыл, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының соттарында пилоттық режимде сынақтан өтті. Тест нәтижелері сервистің тиімді екенін көрсетті. Судьялар жаңа құралдың жұмыс процесін оңтайландырып, шешім қабылдау кезінде үлкен көмек беретінін атап өткен.
“Сервис судьяға ұқсас істерді іріктеп береді, сот тәжірибесін талдайды және тіпті даудың ықтимал нәтижесін болжауға да мүмкіндік береді. Бұл ретте талап-арыздың егжей-тегжейі, тараптардың уәждері және басқа да маңызды мән-жайлар ескеріледі”,- деді Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров.
Жүйенің техникалық бөлігі де айтарлықтай жаңартылған: бұрын ол шамамен 4 миллион дерек бірлігін өңдей алса, қазір бұл көрсеткіш 15 миллионға дейін жетеді. Сонымен қатар жүйе бір мезетте мыңға дейін сұранысты орындай алады.
Жасанды интеллект:
- Талап-арызды құрылымдауға;
- Даудың мәнін тұжырымдауға;
- Тараптардың ұстанымдарын бөліп көрсетуге;
- Құжаттармен қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеуге көмектеседі.
Жүйе сот тәжірибесін бақылауды күшейтіп, статистикалық мәліметтерді автоматты түрде жаңартып отырады. Сонымен қатар, ол жалпы сот тәжірибесінен айтарлықтай ерекшеленетін шешімдерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл соттардың жұмысын жан-жақты талдап, бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға ықпал етеді. Пилоттық кезең барысында технологиялардың арқасында судьялардың жүктемесі азайып, істерді қарау сапасы мен жылдамдығы артқаны байқалған. Астана қаласының соттарында тараптардың татуласу көрсеткіші ел бойынша орташа деңгейден жоғары болған. Процеске қатысушылар алдын ала ұқсас істер бойынша ақпарат пен ықтимал құқықтық салдарларды алып отырған. Бұл азаматтарға өз мүмкіндіктерін шынайы бағалап, ұзаққа созылатын даулар мен артық шығындарсыз өзара келісімге келуге көмектескен. Жоғарғы Сот өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта цифрлық сервистерді кеңейту арқылы сот жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін одан әрі арттыру жоспарланып отыр.







