Ерекше баланың денесі балабақшадан көгеріп келген

1 506

Фото:© Г. Ахмадиева ұсынғанАқтауда ерекше баланың анасы ұлының денесіндегі көгерген іздердің пайда болу себебін анықтауды талап етіп отыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі kz.kursiv.media сайтына сілтеме жасап.

Анасының айтуынша төрт жасқа толмаған Әмір есімді баланың денесінен белгісіз жағдайда пайда болған бірнеше гематома табылған. Бала дамуында кешеуілдеу және аутизм спектрінің бұзылысы диагнозымен №6 арнайы түзету балабақшасына барады. Анасы Гауһар Ахмадиеваның сөзінше, 18-ші мамыр күні баласының арқасынан саусақ ізіне ұқсас көгерген іздерді байқап қалған. Бұған дейін де баланың мінез-құлқында өзгерістер байқалған. Соңғы уақытта ол жиі жылап, мазасызданып, денесін біреу шымшығандай қимылдар көрсеткен.

Анасының айтуынша, дәрігерлер баланы тексеріп, денесіндегі көгерулер сыртқы әсерден пайда болғанын растаған. Дегенмен рентгенологиялық тексеру барысында сүйектерінен зақым анықталмаған. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін анасы балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын сұратқан. Алайда мекеме өкілдері бейнежазбалардың сақталмағанын мәлімдеген. Олардың түсіндіруінше, қатқыл дискідегі жад көлемі толып қалғандықтан жазбалар өшіріліп, кейін техникалық қызмет көрсету үшін IT бөліміне жіберілген. Гауһар Ахмадиева құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Оның пікірінше, тексеру жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмеген. Ал Маңғыстау облыстық полиция департаменті арыз бойынша материалдардың тиісті қарау үшін білім беру саласына жолданғанын хабарлаған. Өз кезегінде балабақша әкімшілігі балаға күш қолданылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған. Мекеме басшылығының мәліметінше, бала соңғы күні үйіне ешқандай дене жарақатынсыз қайтқан. Балабақша директоры Ұлболсын Юлдашева тәрбиешілердің балаларға қол көтермейтініне сенімді екенін айтқан. Соған қарамастан, қызметтік тексеру нәтижесінде жауапты қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолданылған. Сондай-ақ баланың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында оны басқа топқа ауыстыру туралы шешім қабылданған. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты қалай болғаны анықталып жатыр. Анасы істің жан-жақты әрі ашық тергелуін талап етсе, құзырлы органдар тексеру қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеген.