Мыңдаған адам және миллиардтаған айыппұл: рақымшылыққа кімдер ілігеді?

1 513

Фото: Ulysmedia.kz коллажыМәжіліс жаңа Конституцияның қабылдануына орай жоспарланған рақымшылық нормаларын қарастыра бастады. Қазақстанда дәстүрлі қылмыстық рақымшылықпен қатар, алғаш рет әкімшілік рақымшылық да енгізілмек. Бұл шара сотталғандарға ғана емес, қылмыстық істерге тартылған азаматтарға және төленбеген айыппұлдары бар кәсіпкерлерге де қатысты болады. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Абзал Құспан мәлімдеген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.

Депутат Абзал Құспанның айтуынша, рақымшылықтың бұған дейін жүргізілгендерден ерекшелігі – елімізде тұңғыш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та жүзеге асырылады.

Қылмыстық рақымшылық аясында мынадай шаралар ұсынылады: қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ залал келтірілмеген немесе ол толық өтелген орташа ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарға қатысты, оның ішінде сотта қаралып жатқан істерді де қоса алғанда, қылмыстық істерді тоқтату. Бұл жобалық заң күшіне енгенге дейін жасалған әрекеттерге қатысты. Сондай-ақ қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды босату көзделіп отыр, атап айтқанда, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар, сондай-ақ залал келтірілмеген немесе ол толық өтелген орташа ауыр қылмыстар үшін сотталғандарға рақымшылық жасалады, - деді Абзал Құспан.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, рақымшылық аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға, атап айтқанда: сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптаулар жасағандарға, қылмыстардың қайталануы (рецидив) кезінде, қоғамдық қауіптілігі жоғары деңгейдегі қылмыстар, жақында криминализацияланған (қылмыс қатарына жатқызылған) іс-әрекеттер жасағандарға, сондай-ақ сырттай (сырттай үкіммен) сотталған адамдарға қолданылмайды.

Ол рақымшылық туралы шешім автоматты түрде емес, әр іс бойынша сот жеке қарап, жеке шешім шығаратынын айтты. Сонымен қатар, алдын ала бағалау бойынша, рақымшылыққа шамамен 16 500 адам ілігуі мүмкін.

Сонымен қатар, әкімшілік рақымшылық жасау да ұсынылып отыр.

Бұл бастамаға сәйкес, Қазақстан азаматтары — жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң кеңесшілерін салынған айыппұлдардан толық босату жоспарланған. Сондай-ақ 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған және заң күшіне енген сәтке дейін орындалмаған әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдар да кешіріледі.

Алайда бұл амнистия соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға қолданылмайды. Сонымен бірге рақымшылыққа кірмейтін әкімшілік құқықбұзушылықтардың нақты тізімі де заң жобасында көрсетілген, – деп нақтылады Абзал Құспан.

Жалпы алғанда, 1 миллионнан астам айыппұлды, яғни 17 млрд теңгеден асатын соманы кешіру жоспарланып отыр.