«Отшашу атып, зәремізді алды» Түн ортасында досын құттықтауға келгендерді жауапқа тартуды сұрады
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласына жиналған жастардың түн ортасында отшашу атып, досын туған күнімен құттықтауы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиғаны сол үйдің тұрғындарының бірі видеоға түсіріп алған. Жазба авторының айтуынша, бірнеше жігіт досын құттықтау үшін сағат 00:00-де салют ұйымдастырған. Айтуынша, отшашудың ұшқындары тұрғын үйлерге қарай шашырап, кейбір балкондарға дейін жеткен. Жазбаның астына пікір қалдырған тұрғындардың бір бөлігі қатты дыбыстан 3-4 айлық сәбилерінің шошып оянып, ұзақ уақыт ұйықтай алмағанын жазған. Сондай-ақ кейбірі отшашудан үй жануарларының үркіп кеткенін айтса, енді бірі жарылыстың дауысы жақын маңдағы ауруханаларға дейін жеткенін мәлімдеген. Пікір жазған тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдайлар сирек кездеспейді. Кейбір тұрғын үй кешендерінің аулаларында аптасына бірнеше рет түн жарымында келіп, қатты музыка қосып, туған күн иелерін құттықтайтындар көбейген. Мұндай әрекеттер тұрғындардың тыныштығын бұзып, демалуына кедергі келтіреді.
Заң не дейді? Осы мәселеге қатысты заңгер Арыс Данағатов түсініктеме беріп, көпшілік мұндай әрекеттерді заң бұзушылық деп қабылдай бермейтінін айтты. Оның сөзінше, түнгі уақытта музыка қосып, салют атып немесе түрлі шоу ұйымдастырып туған күн тойлау жақсы ниеттен туғанымен, бұл жауапкершіліктен босатпайды. Себебі заң адамның ниетін емес, оның әрекетінің салдарын бағалайды.
Қоғамдық орында, оның ішінде тұрғын үй ауласында отшашу атып, түнде қатты музыка қою заң бойынша қандай құқық бұзушылыққа жатады? Мұндай әрекеттер бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық құрамына кіруі мүмкін. Түнгі уақытта қатты музыка қойып, тұрғындардың тыныштығын бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабымен қаралады. Ал пиротехникалық бұйымдарды рұқсат етілмеген жерде пайдалану 436-бап бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Тыныштықты бұзғаны үшін қандай жаза қарастырылған? Заңға сәйкес, сағат 22:00-ден кейін (демалыс күндері 23:00-ден кейін) тыныштықты бұзған жеке тұлғаға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Кей жағдайда полиция алғаш рет ескерту жасаумен шектелуі мүмкін. Алайда тұрғындардың шағымы ресми тіркелсе, әкімшілік жауапкершілік мәселесі қаралады.
Салютті кез келген жерде атуға бола ма? Жоқ. Елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды арнайы рұқсат етілмеген жерлерде пайдаланғаны үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар пиротехникалық заттар тәркіленеді. Құқық бұзушылық қайталанса, жаза күшейеді.
Егер отшашу салдарынан біреудің мүлкі бүлінсе немесе адам зардап шексе, қандай жауапкершілік қарастырылған? Мұндай жағдайда жауапкершілік күшейеді. Келтірілген материалдық шығын толық көлемде өтелуі тиіс. Ал адамның денсаулығына зиян келсе, іс қылмыстық жауапкершілік шеңберінде қаралуы мүмкін.
Тұрғындар мұндай жағдайда қайда шағымдануы керек? Ең алдымен 102 нөміріне хабарласқан жөн. Егер мүлікке зиян келтірілсе, азаматтық талап қоюға болады. Фото және бейнематериалдар, сондай-ақ куәгерлердің айғақтары істі қарау кезінде маңызды дәлел ретінде пайдаланылады.







