Балабақша есепшісі өзіне жоғары жалақы төлеп, 38 млн теңгені жымқырған

678

Жетісу облысында балабақша есепшісі бюджеттің 38 млн теңгесін қолды қылған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Бас прокуратураға сілтеме жасап.


Ақсу ауданында балабақша есепшісі өзіне заңсыз жоғары жалақы төлеу арқылы 38 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді. Жымқыру фактісі штат кестесі мен банктік шоттарды салыстыру кезінде анықталды. Онда тиісті жалақы мен нақты төленген қаражат арасындағы айырмашылық болған, - деп жазылған хабарламада.


Осы факті бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша («Аса ірі мөлшерде ақша ұрлау») сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.


Істі Жетісу облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы қарап жатыр.


Күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, оған белгілі бір лауазымды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салынып, 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.