Күнтізбеге тағы бір демалыс күні енгізіле ме?
Қазақстанда қосымша демалыс күнін енгізу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Бұл туралы 11 маусым күні Үкіметте өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған бастамаға қатысты ұсыныстар жан-жақты зерделеніп жатыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі «Адырна» сайтына сілтеме жасап.
Вице-министр жаңа Ата заң күшіне енгеннен кейін Конституция күнінің 30 тамыздан 15 наурызға ауыстырылатынын еске салды.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, егер тиісті ұсыныстар түссе, Конституция күнінің мәртебесін мемлекеттік мерекеден ұлттық мереке деңгейіне ауыстыру мәселесі қарастырылуы мүмкін. Ол министрліктің мұндай бастаманы қолданыстағы тәртіп аясында зерделеуге әзір екенін жеткізді.
Айта кетейік, жаңа Ата заң бойынша республикалық референдум Қазақстанда 15 наурызда өтті.







