Жас депутатты мемлекеттік мекеме қызметкерлері ұрып кеткен

262
Түркістан облысында Amanat партиясы атынан сайланған жас депутатты мемлекеттік мекеме қызметкерлері соққыға жығып кеткен, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.




Қазығұрт ауданында Amanat партиясы атынан сайланған жас депутатты мемлекеттік мекеме қызметкерлері соққыға жыққан. Жұмыспен қамту орталығы мамандарының қасында тағы екі жігіт болыпты. Өлім аузынан аман қалған Бекболат Бердалы бұл оқиғаны депутаттық мансабымен байланысты болуы мүмкін екенін айтты. Өйткені аудандағы өзекті проблемаларды ашық көтеріп жүрген ол әлдекімнің жолын кесіп өткен болуы ықтимал.

Қанды оқиға 24 қыркүйек күні Қазығұрт ауданында болған. 27 жастағы депутаттың айтуынша, өзінің танысы сол күні үйіне келіп, табиғат аясында демалып кетуді ұсынған. Ал Бекболат Бердалы таныс жігіттің ұсынысынан бас тарта алмаған.

Содан 7 жігіт табиғат аясында демалу үшін жолға шыққан. Оның екеуі аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері, екеуі солардың достары екен. Ал қалған екі жігіт — депутаттың досы мен туыс інісі.

Екі машина болып демалысқа келген олардың арасында жанжал туындаған. Депутаттың айтуынша, "проблемаларды ашық айтасың, сен ешкімнен қорықпайсың ба?" деген әңгімелер болыпты. Содан төбелес болған.

Бекболат Бердалыны демалуға шақырған жігіт пен оның достары бұларға жабылыпты. Оның інісін аяқ-қолын қайырып, күштеп ұстаған. Сосын депутат пен оның досын аяусыз ұрып-соғып, тіпті пышақтап тастаған көрінеді. Кейін жабылғандар қансырап жатқан екі досты оқиға орнында тастап кетіпті.

Есімді білмей, жатып қалғанмын. Бір машинаны оталмайтын етіп, қалдырған. Туыс інімді, телефондарымызды өздерімен бірге алып кеткен. Інімнің айтуынша, оны пышақпен қорқытып, кейін жіберіпті. Інім дереу біз жаққа келіп, үйге алып келді, -деді Бекболат Бердалы.

Содан депутаттың соққыға жығылғанын көрген әйелі жан ұшырып жедел жәрдем қызметін шақырған. Ол ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

Бекболат Бердалы ауыр соққыдан есін ауруханаға барып бір-ақ жиғанын, бірақ сөйлей алмай, жаны қатты қиналғанын айтты.

Депутаттың айтуынша, оның миы шайқалған, жағы мен тістері сынған. Бүйрек тұсы мен жамбасына пышақ сұғылған. Досы да ауыр соққы алған.

Інім бізді келіп алып кетпегенде, мүмкін өліп кетер ме едім. Өйткені көп қан жоғалтыппын. Операция жасалды. Екі аптадай ауруханада жатып, үйге шығуыма тура келді. Өйткені ұрып-соққан жігіттер мен арадағы таныстар қайта-қайта келіп, мазамды алды, -деді ол.

Жәбірленушінің айтуынша, ұрып-соққандар ішімдік ішкен соң мас болып қалдық деп, кешірім сұрап келіпті.

Жігіттік мінез бәрімізде бар. Ерегіс, төбелес болсын. Бірақ пышақтау деген қасақана адам өлтіруге ұмтылу ғой. Оның үстіне біздің дәрменсіз күйімізді көріп, сол жерде тастап кетіп отыр, - дейді Бекболат Бердалы.


Соққыға жығылған жігіт бұл шабуыл әлдекімнің тапсырысы ма деп те күдіктенетінін айтып отыр. Өйткені аудандық мәслихаттағы ең жас депутат үнемі шындық деп шырылдап жүріп, мәселелерді көтеріп жүретінін алға тартты. Ал кей әріптестері көп жайтқа бастарын бұғып, үнсіз отырады екен.

Білмеймін, бәлкім, бұл әлдекімнің тапсырысы болды ма, арқасында бір адам тұр ма деген күдік бар. Депутат болып шындықты айтамын деп біреуге қатты сөйлеп қойған шығармын, мүмкін жолын кестім бе? -дейді ол.


Алайда ведомствоның баспасөз қызметіндегілер полицияға неше адам жеткізілгені туралы айта алмаймыз деп отыр.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының екі қызметкерінің бірі жыл соңына дейін ақысыз еңбек демалысына шығып кетіпті. Депутаттың айтуынша, ол бұған дейін де істі болған көрінеді. Ал екіншісі күнделікті жұмысына барып-келіп жүр. Жұмыспен қамту орталығының директоры бұл оқиғадан хабардар.

"Оның бірі — орталық кеңесшісі, екіншісі — жоғары білікті маман. Оқиға болған кезде екеуі де еңбек демалысында жүрді. Бірі ақысыз демалыста еді. Екеуі де өз жұмыстарына жауапты, білікті мамандар. Олардың бұрын-соңды мұндай әрекеттерін естімеппін. Тек біреуінің бұрын бұзақылық бойынша істі болғанын естігенмін. Бірақ ол маған дейін осы орталықта істеп жүрген. Оны жұмысқа мен алған жоқпын. Екінші қызметкермен сөйлестім. Не болғанын сұрадым. Әркім өзін ақтай береді ғой. Енді мән-жайды тергеу анықтайтын шығар", - деді орталық директоры Ғазиз Пернеқұлов.