Тұтынушылар "Қазақстан" шоколодының бағасы сапасына сай емес деп шағымданды
Қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де отандық бренд "Қазақстан" шоколодының сапасына күмән келтіре бастаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Ең жиі айтылатын үш шағым: шоколад бетіндегі ақтаңдақтар, резеңке тәрізді консистенция және ауызда ерімеуі.
Қазақстандық байер Асыл Нәсіп жұмыс бабымен шетелге жиі шыққанда, шетелдік әріптестері мен достарына сый ретінде үнемі қазақстандық шоколад апарады. Алайда соңғы бір жылда астаналық қыз отандық бренд туралы ондаған жағымсыз пікір естіген. АҚШ, Еуропа және Азиядағы серіктестері шоколадтың өткір иісіне, сындырғанда шығатын қытырлақ дыбыстың болмауына және бетінде ақтаңдақтар пайда болды деп шағымданғанын айтқан.
Ал шоколад өндірушілерінің ресми жауабында өнімнің рецептурасы өзгермегенін, өндірісте классикалық технологиялар қолданылатыны айтылған. Компания мәліметінше, какао бұршақтары тікелей Кот-д’Ивуар, Гана және Эквадор елдерінен жеткізіледі. Ал қосымша шикізат тексерілген еуропалық өндірушілерден сатып алынады.
Ресми мәлімет бойынша, компания ай сайын шамамен 550 тонна "Қазақстан" шоколадын өндіреді. Өнімнің 80 пайызға жуығы ел ішінде сатылады. Қалған бөлігі экспортқа шығарылады. Шоколад Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Германия және Балтық елдеріне жеткізіледі.
"Қазақстан" шоколадын Алматы қаласында орналасқан "ЛОТТЕ Рахат" акционерлік қоғамы шығарады. Бұл фабрика – 1942 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан еліміздегі ең ірі кондитерлік кәсіпорындардың бірі. "ЛОТТЕ Рахат" АҚ Алматы мен Шымкенттегі екі кәсіпорында шамамен 400 түрлі кондитерлік өнім шығарады. Шымкенттегі зауыт толықтай жұмысын тоқтатқан.
2015 жылдан бері "ЛОТТЕ Рахат" АҚ акцияларының 92,44%-ы Оңтүстік Кореяның LOTTE Confectionery компаниясына тиесілі. Ал бұл компания 1967 жылы Сеулде құрылған Lotte Group құрамына кіреді.







