Жоғарғы оқу орнына түсіруге уәде беріп, ақша алған: университет қызметкері сотталды
Астанада жоғары оқу орнының қызметкері талапкерлерді заңсыз жолмен оқуға түсіремін деп алдап, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Елордадағы жоғары оқу орындарының бірінің қызметкері университетке оқуға түсуге "жәрдемдесу" сылтауымен қылмыстық схема ұйымдастырған. Жалған мөрлер мен жалған құжаттарды пайдалану арқылы ол 18 талапкердің сеніміне кіріп, оларды белгіленген қабылдау тәртібінен тыс жоғары оқу орнына оқуға түсіруге ықпал етемін деген жалған ақпаратпен алдап, әрқайсысынан 600 мыңнан 900 мың теңгеге дейін ақшалай қаражат иемденген. Басты сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бірнеше рет алаяқтық жасағанын, сондай-ақ жалған ресми құжаттарды қолдан жасап, жалған мөр дайындағанын толық дәлелденген. Сот үкімімен кінәлі адам 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Сот үкімі заңды күшіне енген. Қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген материалдық залал сотталғаннан өндірілген. Прокуратура азаматтарға қырағылық танытып, оқу орындарына түсу мәселелері бойынша тек ресми ақпарат көздеріне жүгінуді ұсынады.







