Балмұздақ жеген бала жансақтау бөліміне түскен

1 509

Фото:©threads.com/@aigulkopzhassarАстана тұрғыны баласының сауда орталығынан сатып алынған балмұздақты жегеннен кейін жансақтау бөліміне түскен,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі smartnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Өнім өндіруші компания бұл жағдайға қатысты ішкі тексеріс бастағанын хабарлады. Баланың анасының айтуынша, қызы ауыр ішек инфекциясымен жансақтау бөлімінде жатыр. Әйел баланың жағдайына елордадағы Damu Mall сауда орталығындағы Bambino сауда нүктесінен алынған балмұздақ себеп болуы мүмкін деп болжайды. Алайда нақты қорытындыны санитариялық-эпидемиологиялық мамандар шығаруы тиіс екенін атап өткен. «Менің балам балмұздақ жеп, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл Damu Mall-дағы Bambino дүкенінен сатып алған балмұздақтан болуы мүмкін деп ойлаймын. Қазір СЭС қорытындысын күтіп отырмыз»,- деді. 

Анасының айтуынша, балаға ішек таяқшасы анықталған. Қазір оған қарқынды ем жүргізіліп жатыр. Әйелдің сөзінше, баланың жағдайы ауырлап, медициналық көмек қажет болған. Сонымен қатар ол балмұздақты бірге жеген екінші баланың да өзін жайсыз сезінгенін айтқан. Ана осыған ұқсас белгілер байқалған адамдардан хабарласуды сұрады. Оқиғадан кейін балмұздақ өндіруші компания ресми мәлімдеме жасап, баланың отбасымен байланыста екенін және мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Компания өкілдері балаға тезірек сауығып кетуін тілеп, жағдайды мұқият бақылауда ұстап отырғанын айтты. Өндірушінің мәліметінше, ақпарат тарағаннан кейін бірден ішкі тексеріс басталған. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық тергеу аясында өнім үлгілері зертханаға жіберілген. Компания өз өндірісінде сапаны бақылаудың бірнеше кезеңнен тұратын жүйесі бар екенін мәлімдеді. Кәсіпорында жеке зертхана жұмыс істейді, ал өнімдер тәуелсіз аккредиттелген зертханаларда да тексеріліп отырады. Қызметкерлер міндетті медициналық тексеруден өтеді. Өндіруші ресми сараптама нәтижелері шықпай тұрып, баланың жағдайы мен балмұздақ арасында нақты байланыс бар деп айтуға болмайтынын атап өтті. «Қазіргі уақытта зертханалық зерттеулердің ресми қорытындысы және мемлекеттік органдардың шешімі жоқ. Тексеру аяқталып, барлық жағдай анықталғанға дейін қандай да бір өнім мен баланың денсаулығы арасында себеп-салдарлық байланыс бар деген қорытынды жасауға әлі ерте», - делінген компания хабарламасында. 

Қазір санитариялық-эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр. Баланың ауруына нақты не себеп болғаны әзірге анықталған жоқ.